Аудан әкімі қызметкерді ұрды: Шымкент әкімдігі желіде тараған видеоға түсінік берді

Фото: Видеодан алынған скрин

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр.

Әлеуметтік желіде Шымкент қаласына қарасты Қаратау ауданы әкімінің қызметкерге күш қолданғаны көрсетілген видео тарады. 

Осыған байланысты Шымкент қаласы әкімдігі ресми түсінік берді.

– Әлеуметтік желіде қаладағы аудан әкімдерінің бірі қатысқан болуы мүмкін оқиға бейнеленген видео таралып жатыр. Аталған дерек бойынша оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау мақсатында қызметтік тексеру жүргізілетінін хабарлаймыз, – делінген әкімдік таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ қала әкімдігі заңдылықты сақтау, қызметтік әдеп қағидаттарын ұстану және кез келген құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу ұстанымын басшылыққа алатынын мәлімдеді.

– Егер таралған бейнежазбада көрсетілген жайттар расталса, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Тексеру аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауды сұраймыз. Нәтижелері туралы қосымша хабарланады, – деп жауап берді ведомство.

Бұдан бұрын Павлодар облысында мас күйінде көлік жүргізген шенеунік жұмыстан шығарылатынын жазған едік.