Ауданда көкөніс сақтайтын қойма болмағандықтан, жетісулық фермер пияз егуден бас тартқан

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысы Балпық ауылдық округіне қарасты Ұмтыл ауылындағы шаруа қожалығының басшысы Әнуар Қадыров аудан орталығында көкөніс сақтайтын қойма болмағандықтан, пияз өсіруден бас тартқан. Оның орнына қауын-қарбыз екті, деп хабаралайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фото: Жетісу өңірлік кәсіпкерлер палатасы

«Қадыров» шаруа қожалығы су ресурстарын тиімді пайдалану жолында ауданда алғаш болып егістікті дәстүрлі түрде суғарудан бас тартып, Батыс Еуропа елдері енгізген жаңа тәсілдің бірі – тамшылатып суару технологиясын алып келген.

Өткен жылы «Геркулес», «Геленджик» сұрпындағы пияз өсірумен айналысып, жақсы өнім алған кәсіпкер биыл бұл істен бас тартқан. Бұған көкөніс сақтайтын қойманың болмауы себеп. Орнына бақша дақылдарының бірі – қауын-қарбыз сепкен. Осылайша, фермер егіс даласын бос қалдырмаудың амалын табады.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Қаратал аудандық филиалының директоры Фархат Құсайынов шаруа қожалығына арнайы барып, кәсіп иесі айтқан ұсыныстарды тыңдап қайтты. Әнуар Қадыров оған шаруалардың маңдай термен тапқан өнімдерін қыста сақтайтын көкөніс қоймасын салу қажеттігін айтты.