Аудандық ауруханаларды жабдықтау туралы министрліктің есеп-қисабы жоқ – Үкімет басшысы

Фото: GOV.KZ

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет басшысы Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігінің аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстарының әлі басталмағанын және тиісті жабдықтармен қамтылмағанын айтты.

«Қазір 239 объектінің жобалық құжаттамасы дайын, оның 109-ы бойынша ғана мердігер компаниялар айқындалды. Қалғандары әзірге нақты істен гөрі, жалаң сөз күйінде қалып отыр. Ал, құрылыс жұмыстарын алдағы наурыз-сәуір айларында бастау қажет. Денсаулық сақтау министрлігі болса, оларды қаржыландыру үшін бюджеттік өтінімдерді беруге асығар емес. Әкімдіктер де қаржыландыру мәселелерін шеше алмай келеді», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында. 

Сондай-ақ, Премьер-Министр әлі күнге дейін көп бейінді орталық аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстарының басталмағанын айтты. 

«Ауруханаларды медициналық жабдықтар сатып алу бойынша да жағдай мәз емес. Мұндай процедуралар көп уақыт алады. Министрлік олардың есеп-қисабын жүргізген де жоқ», - дейді ол.