17:23, 16 Сәуір 2009
Аудандық, қалалық әкімдіктердің жанынан психологиялық кеңес беру орталықтарын ашу қажет - ҚР Психологтар қауымдастығының президенті
АЛМАТЫ. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Еліміздегі аудандық, қалалық әкімдіктердің жанынан тұрғындарға психологиялық кеңес беру орталықтарын ашу қажет.
Бұл туралы бүгін Алматыда қазіргі экономикалық дағдарыс кезеңіндегі азаматтар психологиясына арналған баспасөз мәслихаты барысында ҚР Психологтар қауымдастығының президенті Владимир Стеблянко айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты тұрғындар ертеңгі күнге сенімділік пен тұрақтылық сезімін жоғалта бастады. Адамдардың жалақысы азайып, жұмыстан қысқартылып, бизнестері жабылуда. Соның салдарынан олар түрлі қаржылық міндеттемелерін орындай алмауда. Бұл психологиялық күйзеліске әкеп соқтырады. Қазір дағдарыстың өзі емес, адамдардың осындай психологиялық дағдарысқа ұшырауы қауіпті», - дейді Владимир Стеблянко. Оның айтуынша, бұндай әсерге ұшырағандардың психологтың көмегіне жүгінгені абзал. «Қазір бізде психологиялық қызмет ақылы түрде көрсетіледі. Кейбір жерлерде тегін қызмет көрсететін дағдарыс орталықтары бар. Алайда адамдардың көпшілігінің ақы төлеуге шамасы келмейді. Біз бұл проблеманы шешу үшін аудан, қала әкімдіктерінің жанынан психологиялық кеңес беру орталықтарын ашуда ұсынамыз. Мәселен, ҚР Психологтар қауымдастығы бұл орталықтарды білікті мамандармен қаматамасыз ете алар еді», - дейді ол. Оның пайымдауынша, қазіргі кезде психологиялық дағдарыста жүрген көптеген адамдарға БАҚ әсері де аз емес көрінеді. «Қазіргі БАҚ дағдарыс туралы түрлі ақпараттар онсыз да өлмешінің күнін кешіп отырған кей адамдардың жағдайын, ертеңге деген сенімін одан әрі азайтып жібереді. Сондықтан қазір БАҚ өмірдің жақсы тұстары туралы, жағымды ақпараттар көптеп берілуі керек», - дейді ҚР Психологтар қауымдастығының президенті.