Аудандық прокуратура 57 жұмысшының жалақыларын алуына ықпал етті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының Жаңақорған аудандық прокуратурасы 57 жұмысшының еңбек құқықтарын қорғады. Бұл туралы Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз-хатшысы Ботакөз Сейіл хабарлады.

Баспасөз хатшысының айтуынша, облыстық прокуратура өкілдерінің арнайы жүргізген тексеру жұмыстарының барысында аудандағы «Түгіскен» ЖШС-нің жұмысшыларға 2016 жылдың қыркүйек, қазан айларына жалақыларын төлемегені анықталды.

Нақтырақ айтқанда, серіктестік тарапынан 57 жұмысшыға барлығы 4 500 000 теңге жалақы бойынша қарыз қалыптасып, Конституциямен кепілдік берілген құқықтарына нұқсан келтіріліп, Еңбек кодексінің талаптары өрескел бұзылған.

Өткен жылы қараша айының соңында аудандық прокуратурамен серіктестік басшысының атына жұмысшыларға тиесілі жалақыларының берілуін қамтамасыз етіп, заңбұзушылықтарды түбегейлі жою туралы ұйғарым енгізілді. Аталмыш ұйғарым талаптары бойынша азаматтардың еңбек жалақылары толығымен төленуі тиіс.

Сонымен қатар, прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде облыс бойынша еңбек саласындағы бақылау басқармасымен 20.12.2016 жылы серіктестікке 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Бұдан бөлек, аудандық прокуратураның бастамасымен мүдделі органдармен бірлесіп ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, азаматтардың еңбек дауларына байланысты конституциялық құқықтары қорғалуда.