Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында еліміздегі сот жүйесін жаңғыртуға бағытталған заң жобаларын талқылау барысында ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Бектас Бекназаров осылай мәлім етті.
Қабылданған заңға сәйкес, кассациялық сот келтірілген барлық кассациялық шағымдар мен наразылық шағымдарды міндетті түрде қарап, оған дейін қабылданған сот актілерінің мәтериалдық және іс жүргізу нормаларына сәйкестігін тексереді. ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Бектас Бекназаровтың айтуынша, соңғы жылдары қалыптасқан сот тәжірибесі жоғарыда аталған мәселелерді ретке келтіруді талап ететінін көрсеткен. «Мәселен, 2010 жылы азаматтық істердің 55,5 пайызы, қылмыстық істердің 45 пайызы облыстық соттар деңгейінде қаралмай, тікелей Жоғарғы Сотқа түсті. 2011 жылы да осы жағдай аса өзгерген жоқ. Анығын айтқанда, аудандық және оған теңестірілген соттардың кемшіліктерге жол беруі салдарынан өтініштер тікелей Жоғарғы сотқа өте көп түсуде», - дейді Төраға. Бұл ретте Б. Бекназаров бірінші сатыдағы соттарда аталмыш кемшіліктердің болып отыратынын да жоққа шығармады. «Аппеляция мен кассация дұрыс жұмыс істеген жағдайда материалдық және іс жүргізу заңының осындай кемшіліктерін көптеген тараптарды әуре-сарсаңға салмай жергілікті соттарда дер кезінде түзетуге әбден болады. Әдетте қоғамдық пікір туғызған ең күрделі істер Жоғарғы Сот сатыларында қаралады. Бұл бүкіл әлемде қалыптасып отырған жағдай. Ал біздің Жоғарғы Сот болса бұл күнде келіп түскен барлық санаттағы істерді қарауда. Осының салдарынан Жоғарғы Соттың өзі істерді қарайтын кезекті сатыға айналды. Ал оның бірден бір міндеті сот тәжірибесін қорытып, нормативтік қаулылар арқылы заңның дұрыс қолдануына түсінік беру болып табылатын еді», - дейді Б. Бекназаров.