Аударылған қаржының әр тиынына есеп беріледі - «Қазақстан халқына» қоры
АСТАНА. KAZINFORM — Ірі компаниялар бөлген қаржаттың бір тиынын да әкімшілік шығындарға немесе қызметкерлердің жалақысына бөлмейміз. Бұл туралы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева мәлім етті.
- Мемлекет басшысының бастамасынан кейін, ірі компаниялар Қорға қаражат аударды. 2022 жылдан бері 252 млрд теңге қаражат келіп түсті. Одан бері жыл сайын қаражат жинау мақсаты болмады. Өйткені жиналған қаражатты реттеп, жобаларды іске асыру керек. Ірі донорлар «берген қаражат қалай жұмсалып жатыр?» деген сұрағына жауап берілуі қажет. Біздің ресми сайтымызда барлық қаржының жұмсалуы, кіммен келісімшарт бекітілгені жайында толық ақпарат бар. Тиісті тізімде үш жылдың ішінде қол қойылған шарттар тіркелген және ашық көрсетілген, - деді Л. Шыңғысбаева «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасында.
Оның сөзіне қарағанда, үш жылдың ішінде донорлар тарапынан Қор қызметіне қатысты ешқандай күмән болмаған.
- Жалпы, қорға түскен қаражаттың басым бөлігі бір жылдың (2022 жылы) ішінде келіп түсті. Сонымен қатар, заңнама аясында жыл сайын «Самұрық-Қазына» таза пайдасының 7 пайызын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударады. «Сәтті Жұлдыз» лотерея операторы да жарнасын салып тұрады... Атап айтқанда, қор қаражатын сақтауға қатысты іс-қимылдар тұжырымдамамен бекітілген, осы жайында толық ақпаратты біздің ресми сайттан көруге болады, - деді қор басшысы.
Мәселен, қор белгілі бір қаржыны депозитте теңгемен сақтайды. Ережеде депозитте сақтауға қатысты талаптар қарастырылған.
- Ол жақтан (депозиттің өсімінен) түскен қаражат әкімшілік шығындарға, кеңсені жалға алуға, штатқа жұмсалады. Жалпы, донорлардан түскен қаражат тек жобалар мен бағдарламаларға бағытталады. Ірі компаниялар бөлген қаржаттың бір тиынын да әкімшілік шығындарға немесе қызметкерлердің жалақысына бөлмейміз. Осы қадамдар донорлардың сенімін сақтауға, ашық жұмыс істеу үшін іске асырылып отыр. Бізге келген қаржының әр тиынына есеп береміз, - деді ол.
Айта кетейік, Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры (ҚӘҚ) құрылды.
Еске салсақ, биыл қаңтар айында «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорын үш жыл бойы басқарған Болат Жәмішев қызметінен кетті.
Ол бұл қызметке 2022 жылдың қаңтарында тағайындалған еді. Басқарма төрағасы болып сайланған өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты Б. Жәмішев Қордағы жұмысын аяқтау туралы шешім қабылдады.