Аударыспақтан 3 қазақстандық спортшы алтын медаль алды

Фото: Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ақтық сынға жолдама алған үш қазақстандық спортшы да өз салмақтарында алтын жүлде жеңіп алды. Олар – Ермек Құралбай, Алмат Ләтіпбек және Дарын Өткелбай.

Аударыспақ ойындарына 9 елден 64 ойыншы қатысты. Оның қатарында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Қытай, АҚШ, Түркия және Мажарстан бар.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

60 келі салмақта сынға түскен Қазақстан ұлттық құрамасының спортшысы Ермек Құралбай алтын медальға ие болды. Ол финалда Қырғызстан спортшысын жеңді.

«Жақсы дайындықпен келдім. Финалдағы қарсыласым – былтыр ат үстіндегі күрестен 60 келіде чемпион болған қырғыз палуаны. Ел намысын қорғап, бірінші орын аламыз деп үміттенген едім. Сенімді ақтағаныма қуаныштымын», – деді Ермек Құралбай.

Аударыспақтан 70 келі салмақта сынға түскен Алмат Ләтіпбек те алтын медаль жеңіп алды. 

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Сондай-ақ, аударыспақтан 80 келі салмақта сынға түскен Дарын Өткелбай алтын медальға ие болды.

Айта кетейік, ертең 10 қыркүйекте Есімхан Рахматіллә, Сырым Ізбасаров және Біржан Қосалиев сынға түседі.