Аударма мен аудармашы...

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жебірей (еврей) халқында: «Аударма аудан орталығынан алыс...» деген сөз бар екен. Кезінде дәл осы сөзді оқыған Гитлер: «Түсінбедім!» - деп, басын шайқаса керек. Түсіндірме сөздіктерді ақтарған. Бірақ таппаған (фашизм тұсында ең құнды деп табылған кітаптар өртелген-ді). Бір апта ойланыпты. Екінші аптасында Геббельсты шақырып біраз ақылдасқан (ол жерде қандай әңгіме айтылғаны біз оқыған кітапта жазылмаған). Кейіннен осы идеомадан саяси астар іздеп, қатты шүйлігіпті-мыс.

Бізге дейін жеткен аңызы бен ақиқаты астасып жатқан кішігірім оқиға осындай. Абай Пушкин, Лермонтов, Крылов, Буниндерді Шығыстың нәзира (нәзирагөйлік, еркін аударма) үлгісімен орыс жырларын қазақы бояумен қанықтыра аударды. Кейде жолма-жол оқығанда айырмашылық байқалуы мүмкін, бірақ құрылым, ой, ішкі мазмұны керемет сақталғанын көріп, қайран қаласыз. «Ал қазіргі аударманың хал-ахуалы қандай? «Аудан орталығынан» алыс па, жақын ба?» - деген сұрақты қалам­гер­лерге қойған едік.

Сарбас АҚТАЕВ, жазушы, аудармашы: - «Көроғлы», «Шәкәр-Шәкірәт», «Зарқұм», «Салсал» сияқты байырғы жырларды аударма дейді жұрт. Меніңше, ол аударма емес, ол - Шығыстың таныс оқиғалар негізінде жазылған қазақтың төл қиссалары. Шайыр, ғұлама ақын Тұрмағанбет Ізтілеуов тәржімалаған «Рүстем-дастанды» аударма (парсы тілінен) деуге болады. Ал орыс тілінен аудару Алаш ардагерлерінен басталады ғой деп ойлаймын. Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаевтар орыс қаламгерлерінен аудару барысында шығарма рухын, мәнерін, стилін, айтар ойын керемет сақтаған. Кейіннен прозаға ауыстық. Бірақ тәржіма алғашында поэзиядан басталды. Абайдың Пушкин, Лермонтов, Бунин сынды ақындардың туындыларын ғажап аударған. Ыбырай Алтынсариннің орыс мысалшыларынан жасаған тәржімасын оқып отырып, қайран қаласың. Ойын, құрылымын, сөзін, жалпы алғанда, барлық аспектілерін ескергені бізді таңғалдырады. Алғашқы кәсіби деңгейдегі аударма демеске шара жоқ. Бертін келе, бұл аударма әдебиетімізді байытатын, құнарландыратын бір салаға айналды. Ұлы шығармаларды қазақша сөйлетіп, оларды қазақ оқырмандарымен қауыштыру арқылы мәдениетімізді, руханиятымызды біраз биікке көтерді. Ғасыр соңында бұл сала ұмыт болып бара жатыр еді, Тәуелсіздік жылдары тұсында «Мәдени мұра» сияқты игі бастаманың негізінде әлем әдебиетінің жүз томдығы дүниеге келді. Михаил ЗЕМСКОВ, жазушы, «Русская Премия» сыйлығының лауреаты: - Ресейдегі қазіргі аударма мектебі Совет кезімен салыстырған­да, көп нәрсе жоғалтты дей аламын. Жас кадрлар, жас автор, аударма ісімен қызығатын жастарды топтастыру арқылы жаңа шығармалар аударылады. Бұрнағыдай кешенді, жоспарлы түрдегі тәржіма байқалмайды. Бірақ аударма ісімен қызығатын жастар мүлде жоқ деп тағы айтпас едім. Немцов сияқты жігіттер тәжірибе жинау арқылы қазір үлкен деңгейге жетті. Ал Жоғары оқу орындарындағы аударма ісі біршама шабандады. Аударма қажыр-қайрат, еңбекті, жанкештілікті қажет етеді. Бір рет аударған шығарманы бірнеше редактор қарап, түзеп, күзеп шығады. Мәселен, жуырда Ресейдің жас жазушыларының форумына қатыстым. Сонда жас аудармашылар түнгі сағат он екі, бірге дейін жұмыс істегенін көріп таңғалдым. Шынында да, таңғалатын нәрсе. Себебі, біз шығарманы дайын күйінде оқимыз. Ал ол қалай аударылды, кім аударды, қанша қолдан өтті деген дүниелер бізге кейде қызықсыздау көрінеді. Егер өзің тәржімалай бастасаң, аударма қаншалықты қиын іс екенін түсінесің. Сарбас АҚТАЕВ: - Совет заманында бір қызық жайт болатын. Қай шығарма бәйге алса (Лениндік, Сталиндік сыйлықтар), сол аударылатын-ды. Кейде ортақол шығармалар да ортаға килігіп кететін кез де болды. Бірақ одан әдебиетіміз зиян шеккен жоқ. Қай елдің әдебиеті қай деңгейде екенін көріп, біліп отырдық. Бір әнтектік болғанын да жасыра алмаймыз. Қазақ өмірін жазған шетел жазушылары аударылмай қалды. Керекуде дүниеге келген, «Амангелді» фильмінің сценарийін жазысқан орыс жазушысы Всеволод Ивановтың қазақтар туралы жазған көп шығармалары бар. Соның бірі де ана тілімізге аударылып, оқырмандарымызға жеткен жоқ. Михаил ЗЕМСКОВ: - Мәскеулік оқырман жаңа авторларды, жаңа туындыларды оқуға құмар. Әсіресе, детектив, фантастика, психологиялық, философиялық шығармаларға аңсары ерекше ауып тұрады. Әлемге аты мәшһүр жазушылар назардан тыс қалмайды. Аударылған бойда оқылады. Аудио-кітаптар мен электронды кітаптар жақсы өтеді. Мәскеуде бірнеше Жазушылар одағы бар. Араларында ара-тұра талас-тартыс болып тұратыны ешкімге жасырын емес. Кейде Жазушылар одағын осыншалықты көбейтудің, жік-жікке бөлудің қаншалықты қажеттігі бар деп те ойлайсың. Бұның кесірі әдебиетке тимей қоймайды. Біріншіден, әдебиет саясиланды. Көп жағдайда әдебиетшілер саяси ұстанымына байланысты топтасады. Мәселен, «Единая Россия» немесе «Яблоко» партиясын жақтайтын қаламгерлер бір-біріне қырын көзбен қарайтыны жұртқа мәлім шығар. Сәйкесінше, Жазушылар одағы да саяси ұстанымына байланысты бөлінеді. Екіншіден, саяси көзқарастар қақтығысы әдебиетке тікелей әсер етеді. Олардың ұстанған ұстанымы мәтіндерінде (подтекст) жатады. Қаламгерлер оны емеурінмен, ишарамен білдіреді. Оқып отырып, бұндай «әдеби-саяси» лозунгты бірден байқап қоясың. Сарбас АҚТАЕВ: - «Қазақ Темірбай» деген хикаятының желісі бойынша кино түсіріліп, бас кейіпкердің рөлін Болат Бейшеналиев сомдап, ол қырғыз өмірі туралы фильм болып кете барды. Ол қазақ туралы туынды еді. Ивановтың көптеген туындылары әлі күнге дейін аударылмай келеді. Мамин Сибиряк, Михаил Пришвинның қазақ өміріне арналған шығармалары бар. Мамин Сибирякты «Қырық хикаяттары» (әңгімелер мен хикаяттар жинағы) деген атпен аударып, көлемді кітап шығарғанмын. Ал Пришвин әлі тың күйінде жатыр. Оның «Қара араб» деген әңгімелері, Ертіс бойымен жүрген кездегі жолжазбалары әлі қазақша сөйлеген жоқ. Михаил ЗЕМСКОВ: - Аударма - төзімділікті, білімдар­лықты, денсаулықты қажет етеді. Өйткені, сен бір отырғанда, сегіз сағат, ал кейде он сағат орныңнан қозғалмастан жұмыс істеуің керек. Осындай машақаты көп іске шыдай алмағандар әдебиеттің басқа саласына, кейбірі бизнеске кетті.

Сарбас АҚТАЕВ: - Аударма - инемен құдық қазғандай. Жазушының жазу стилін, ойын, құрылымын сақтай отыра тәржіма жасау оңай нәрсе емес. Бұрындары аудармашылардың көбі газет-журналдардан шыққан-ды. Қазір аударма атымен жоқ. ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде аудармашыларды даярлайтын кафедра бол­ған. Кейін жабылып қалды. Себебі, жұмыс жоқ. Сондықтан жас толқын аудармашылар жоқтың қасы. Ана бір жылы бәйгеге түскен бір шығарманы оқуыма тура келді. Оқып шықтым. Не автордың рухы жоқ, не қазақтың иісі сезілмейді, мінез жоқ. Әйтеуір бір дүбара. Сөзбе-сөз сірес­тіріп қойған. Ананы оқып, түсіну үшін қолыңда сөздік болу керек. Соны сыйлыққа ұсынады. Біздің бір кем­шілік - әзірге орыс тілінен ғана ауда­рып жүрміз. Неге өзге тілдерден аудармасқа?! Ағылшын тілінен біреу аударыпты деген авторды әлі естіген жоқпын. Кезінде Медеубай Құрманов деген дарынды аудармашы Гетенің «Фаустын» тікелей неміс тілінен аудар­ған. Қазір соның да ізбасар­лары жоқ. Елімізде шет тілдері институты бар. Онда тек дипломаттарды ғана оқытады. Ондағы сабақтар тек орысша негізде өтеді. Орысша-ағылшынша, орысша-французша дегендей. Неге қазақша өтпейді? Сондықтан студенттер мәтіннің мазмұнын біледі, оқиды, бірақ қазақ­шаға аудара алмайды. Өйткені, орысша ойлайды. Михаил ЗЕМСКОВ: - Жастар жаңа шығарманы оқып шығып, оны кім аударатынын өзара келісіп алады. Бұрындары аударылған туындыларды қайтадан аударуға көп мән береді. Өйткені, заманға қарай тілдің қолданысы өзгеріп отырады. Бүгінгі оқырман өз тілінде сөйлейтін кейіпкермен тілдескісі келеді. Демек, Дюманың заманауи тілмен сөйлейтін «Үш ноянымен» қайта қауышады деген сөз. Бұны әлемдік әдебиетте «тілдің интерпретациясы» дейді. Біріншіден, контекст өзгеріп отырады. Екіншіден, неологизмдер (жаңа сөздер) айналымға енуде. Үшіншіден, оқырман талғамы, оның сұранысы да уақыт өткен сайын өзгермек. Аудармашылар даярлайтын ірі-ірі әдеби институттар бар. Жыл сайын үлкенді-кішілі бәйгелер ұйымдас­ты­рылып тұрады. Бұл - жас аудармашыларды тарту әрі қызықтырудың бір түрі. Ақсақалдар орта буынға, орта буын жастарға орын босатып, ақыл-кеңес беріп, тәжірибе алмасып отырады. Бұндай әдеби үрдіс (көбіне буын алмасу) ұдайы жалғасып отырса, онда сол әдебиеттің болашағы да зор деген сөз. Сарбас АҚТАЕВ: - Ұлт пен ұлтты, жұрт пен жұртты, әдебиет пен әдебиетті жақындастыратын бір құрал - аударма! Демек, аударма өскеннің үстіне өсе түсіп, қарыштай дамиды. Меніңше, қазір тек орыс тілінен ғана емес, әр тілден аудару керек. Бүгінгі оқырман парсы, араб, қытай, ағылшын, неміс, француз, испан тілінен оқығысы келеді. Сол тілдерден аударатын жас жігіттер жас толқынның арасынан шығу керек. Келешекте аударма ісі жойылады дегенге сенбеймін. Тек ол үшін кадр даярлау керек. Ол үшін мемлекет қолдау көрсетуі қажет. Аударма үшін алатын қаламақы да көңіл көншітпейді. Ақшасы жүз мыңға жетпейді. Қазір жүз мың ақша ма? Жастарды аудармаға келетіндей етіп қызықтыру керек. Бүгіндері төл туындының өзі түкке тұрмай қалды. Бұрындары бір кітапқа бір көлік мінетін. Ал қазір сол бір көліктің құнын беріп, кітап шығартады. Одан түк бұйырмайды. Михаил ЗЕМСКОВ: - Әдебиетті сапасына, деңгейіне, айтар ойына қарай бөлу бұрыннан болған. Жалпы, оқырманға, интеллектуалды оқырманға, қызықты оқиғалар іздеген оқырман үшін деген сияқты ғой... Тақырып, жанр, форма, мазмұн жағынан шектеу жоқ. Жазушылар жазады, ал оқырман өзіне керегін алады. «Ол анандай жазушы... немесе анау халтурщик, анау жазушы емес...» деген сияқты бір көзқарастар жоқ. Себебі, жазушылар үшін басты мақсат - бір-бірімен айтысып, тартысу емес, оқырманмен байланыс орнату, оқырман үшін таласу. Маринина, Донцова, Пелевин, Акуниндерді оқығысы келетін оқырман оқиды. Көңілінен шықпаса, оқымайды. Яғни өз еркі өзінде. Егер сені біреу оқысын десең, онда жарнамаңды жасап, өзіңді насихаттайсың. Бұл жерде талғам бұзылады деген әңгіме мүлде айтылмайды. Өйкені, оқырман талғамы баяғыда-ақ қалыптасқан. Ал қалыптасқан нәрсе оңайлықпен бұзылмайтынын өзіңіз де білесіз. Сонымен қатар, кәсіби, үлкен әдебиет бар. Халық соның аражігін ажыратып, таңдай біледі. Бірақ ең бастысы, ешкім алаламайды, жазғырмайды. Сарбас АҚТАЕВ: - Аударманың баспа табағына осынша ақша беретін болып дегенді естіген жұрт бөркін аспанға атып, бір қуанып қалып еді. Ол да далада қалды. Сөйтсек, баспа табағына тоқсан теңгеден айналады екен. Бұл не сұмдық, бұл қай мазағы?.. Жағдай сол! Бұрындары Нобель сыйлығының лауреаттарына баспа табағына екі жүз теңге беретін. Екі жүз теңге тәп-тәуір ақша-тын. Қазір ол бағаға ешкім аудармайды. Аударма - негіздің негізі. Егер біз томаға-тұйық күйде өз қазанымызда өзіміз бұрқылдай берсек, одан ештеңе өнбейді. Бүкіл әлемдік өркениеттен шет қаламыз. Демек, бұл іске мемлекеттік тұрғыдан мән беріп, қолға алу керек. Мына жастарды аудармаға үйрететін адам қалмай бара жатыр. Университеттерде аударма ісінен сабақ беретін ұстаз жоқ. Бұндай жағдайда аударма қалай дамымақ?! Михаил ЗЕМСКОВ: - Менің ойымша, әлем әдебиетін жаңа биікке көтерген алпысыншы-жетпісінші жылғы жазушылар деп ойлаймын. Джером Сэлинджер, Скотт Фицджеральд, Трумен Капоте, Габриель Маркес, Хулио Картасар, Франц Кафкаларды ерекше атар едім. Кейбір жазушылардың туындыларын аудио-кітаптар арқылы тыңдаймын. Ал қазіргі әлем жазушыларында жоғарыда аты аталған қаламгерлердің әсері байқалатын секілді. Бұны қайталау деп айтпас едім. Қайта бұрынғы жазылған дүниенің негізінде жаңа шығарма тудыру, жаңа ой айту, жаңа жол іздеу мұраты жатқан сияқты. Қазіргі Американдық жазушы Майкл Каннингенның романдарын атар едім. Бір тартымдылық бар және терең ой айтқысы келетіні бірден байқалады. Ресейде Олег Павлов, Владимир Маканин, Михаил Шишин, Роман Сенчин сияқты жазушыларды атар едім. Ал қазақ жазушыларынан Смағұл Елубай, Дүйсенбек Накипов, Дидар Амантайды оқыдым. Смағұл Елубайдың «Ақбоз үйі» («Одинокая юрта») қатты ұнады. Ол роман мені эпикалық тынысымен, көтерген мәселесімен, тілімен, ойлылығымен қызықтырды. Дидар Амантайда бір тартымды, қызғылықты нәрселер бар. Ол жазушыға Смағұл Елубайдікіндей кең тыныс жетпейтін секілді. Және оқырман назарын бір оқиғаға аударып, тереңдегісі келеді. Менің пікірім осындай!..

Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ.