Аудармашылар үшін Skills Enbek платформасында курстар пайда болды

Фото: Фото: gov.kz
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Қазақстан аударма академиясымен онлайн-білім беруді дамыту бойынша меморандумға қол қойды. Енді Skills Enbek платформасында аудармашылардың біліктілігін арттыру үшін курстар каталогы кеңейтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстан аударма академиясы Орталық Азия аумағында қосымша кәсіптік білім беру және білікті аудармашыларды оқыту қызметтерін ұсынады. Курстарды тәжірибелі отандық және шетелдік оқытушылар мен аудармашылар әзірлеген.

Мәліметке сүйенсек, онлайн оқыту қазақстандықтарға біліктілігін арттыруға, практикалық дағдыларды алуға және жаңа салада өз мансабын бастауға мүмкіндік береді.

Еске салайық, Skills Enbek платформасы маркетплейс қағидаты бойынша курстарға қолжетімділік беретін халықаралық оқыту алаңдарының қазақстандық баламасы болып табылады. Платформада кез келген адам оқи алады және оқуды аяқтағаннан кейін алынған сертификаттар мен дағдылар Электрондық еңбек биржасындағы түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі.

Skills Enbek іске қосылғаннан бері әртүрлі бағыттар бойынша 232 курс орналастырылды, оның 133-і тегін. Тіркелген пайдаланушылар саны 325 мыңнан асты, оқуды сәтті аяқтаған 270 мыңнан астам адам сертификат алды. Оқуды аяқтағандардың ішінде 62 мың адам жұмыссыз мәртебесіне ие, - делінген министрлік хабарламасында.