Аударыспақтан Азия чемпионатын да өткізуге болады - Қазақстанның ұлттық спорт түрлері қауымдастығы

АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Бүгінде Астанада аударыспақтан Азия чемпионатын да өткізуге болады. Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президенті Бекболат Тілеухан осылай айтты.

«Енді, қазір «Самұрық-Қазына» қоры үлкен бәйгелер тіккеннен кейін біз қазақ күресіне деген қызығушылықтың артқанын байқап жатырмыз. Мына бір қызықты қараңыз, биылғы оқу жылының басында елдің бәрі өз балаларын қазақ күресіне жазды. Қазақ күресіне бапкер жетпей қалды. Оның барлығы насихаттың арқасында жүзеге асып отыр. Сол сияқты аударыспақтан да арнайы бәсекелерді өткізуге болады. Оған көп шығындалудың қажеті жоқ. «Самұрық-Қазына» жүлдеге қомақты бір қаржы қойып жіберсе, аударыспақты да қазақ күресі сияқты алып кетуге мүмкіндік бар. Оны Астанадағы цирк ғимаратында өткізуге болады. Келесі жылы сондай бір жоспарымыз бар. Аударыспақтан ашық Азия чемпионатын өткізіп жібереміз деген ойымыз да жоқ емес», - дейді Б.Тілеухан.