Аудит: Бюджеттің 113 млрд теңгесіне қаржылық бұзушылықтар анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері бюджет қаражатының шамамен 644 млрд теңгесіне аудит жүргізілді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы 6 айда бюджеттің 7,4 трлн теңгесіне 258 мыңға жуық мемлекеттік сатып алу рәсімдері камералық бақылаумен қамтылды. Тексеру қорытысы бойынша 35 892 рәсімде бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 91% орындады», - деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрдің айтуынша, 1 138 аудиторлық іс-шара өткізілді. Бюджет қаражатының шамамен 644 млрд теңгесіне аудит жүргізілді.

«Шамамен 113 млрд теңге сомасында қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету мен жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 101 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 1 172 ұсыным берілді», - деді Ерұлан Жамаубаев.