Аудит нәтижесі: геологиялық материалдарды цифрландыруға бөлінген 68 млн теңге желге ұшқан
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Жоғары аудиторлық палатасының отырысында геологиялық барлау және жер қойнауын пайдалану саласындағы ұлттық ресурстарды пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары қаралды.
Бүгінде жер қойнауын пайдалану еліміздің жалпы ішкі өнімінің 20%-дан астамын қамтамасыз етіп отыр. Қазақстан хром, темір кені, қорғасын, мырыш, мыс, уран, алтын, күміс және өзге де пайдалы қазбалардың бай қорына ие.
Алайда аудит пайдалы қазбалар кешенін басқару үдерістерінде бірқатар жүйелі кемшіліктің бар екенін көрсетті.
Атап айтқанда, экономикалық айналымға нақты тартылмаған, тек алдын ала бағаланған, бірақ расталмаған қорлардың үлесі жоғары. Бұл жағдай расталған қорлардың азаюымен байланысты. Қор өсімінің баяулауына себеп – геологиялық барлауға қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Барлау құқығына лицензиялық жүйе енгізілгенімен, жер қойнауын пайдаланушылардың инвестициялық белсенділігі төмен күйінде қалып отыр.
Сонымен қатар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геологиялық ақпаратты цифрландыру, деректердің цифрлық банкін қалыптастыру, қорларды жаңарту және жекеменшік сектордың белсенділігін арттыру жөніндегі міндеттерді толық орындамағаны атап өтілді. Қазіргі заманға сай сақтау орындарының болмауы маңызды геологиялық деректердің жойылып кету немесе бүліну қаупін тудыруда.
Аудит барысында Геология комитетінің тарапынан бақылаудың болмауы мен мердігердің шарттық міндеттемелерді орындамауы салдарынан цифрландыру бойынша орындалмаған жұмыстар үшін мемлекет есебінен 68,2 млн теңге төленгені анықталды.
Министрлік, сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушылардың жұмыс бағдарламаларына міндетті салықтық сараптамасыз өзгерістер енгізуге жол берген. Бұл компанияларға салық салу тәртібін өз пайдасына бұрмалап түсіндіруге және бюджетке төленетін төлемдерден жалтаруға мүмкіндік берген.
Халықаралық стандарттармен жұмыс істейтін заманауи зертханаларға сұраныстың артуына қарамастан, елімізде қажетті зертханалар жеткіліксіз. Бұл бағалы металдар мен шикізат экспортын бақылау сапасының төмендеуіне алып келуде.
Жалпы аудит нәтижесінде 81 рәсімдік бұзушылық пен 16 жүйелі кемшілік анықталды.
Тексеру қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата геологиялық барлау және жер қойнауын пайдалану саласын дамытуға бағытталған нақты ұсынымдар мен тапсырмалар әзірледі. Олардың орындалу барысы бақылауда болады.
Айта кетейік, Жер қойнауын пайдаланушыларға арналған мемлекеттік ақпараттық жүйе іске қосылды.