Әуе апатынан қаза тапқан оралдық ұшқыштың отбасына көмек көрсетілуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат - 3 қазан күні Алматы облысында апатқа ұшыраған АН-28 ұшағында болған екінші ұшқыш Евгений Кутафиннің отбасына көмек көрсетілуде,  деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Әуе спорты түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі қызметкерлері бір күндік жалақысын марқұмның отбасына аударуды ұйғарды.

Мектеп директоры Ерген Орынбасаровтың айтуынша, Евгений парашют спортына аталмыш мектеп ірге көтерген 2002 жылдан бастап келді. Халықаралық жарыстарға дейін барып, спорт шеберлігіне үміткер атанды. Биылдың өзінде Алматы қаласында шілдеде парашют спортынан өткен ҚР чемпионатына қатысты. Онда БҚО құрамасы жалпыкомандалық есепте төртінші сатыға табан тіресе, Евгений 54 спортшының ішінен 15-інші орынды иеленді. Өмірі тосыннан қиылмағанда, алар асуы мол еді. Марқұмның әкесі Виталий Кутафин қазір де парашют-десант дайындығы жөніндегі нұсқаушы ретінде жұмыс жасайды.

Сонымен қатар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, оның құрамындағы барлық спорт мектептері бір күндік жалақы есебінде өз көмектерін көрсетуде.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, бұл мекеме ұжымы бір күндік еңбекақыларын әуе апатынан қаза тапқандар отбасына аудармақшы. Ал Оралдағы барлық емханалар осындай жәрдемді Е.Кутафиннің отбасына бермекші. Өйткені марқұмның зайыбы №3 емханада жұмыс жасайды.

Еске сала кетейік , кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов ұшқыштың отбасына қажетті көмек пен қолдау көрсетуді тапсырған болатын.