Әуе апатынан зардап шеккендердің жағдайы жақсарып келеді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының медициналық ұйымдарында әуе апатынан зардап шеккен 34 пациент, оның ішінде 7 бала бар. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Медициналық ұйымдардың реанимация бөлімшесінде 2 пациент емделуде (Алматы көпбейінді клиникалық ауруханасында - 1 науқас, Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында - 1 науқас). Барлық зардап шеккен, оның ішінде оңтүстік астанада реанимацияда жатқан пациенттердің жағдайы тұрақты, динамикада жақсаруы байқалады», - деп атап өтеді министрліктен.

Ведомство мәліметінше, әуе апатынан зардап шеккен үш адам санитариялық авиация арқылы одан әрі емделу үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына жеткізілді. Жалпы дәрігерлер 23 операция жасады. Барлық жасалған операциялар сәтті өтті. Балаларға арналған жедел медициналық көмек көрсету орталығының травматологтары екі балаға жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қолдана отырып, кесусіз операция жасады.

«Мұндай операцияның артықшылығы - оның ең аз жарақаттануы және операциялық емдеуден кейін бірнеше күннен соң сынған аяқ-қолға күш салуға болады. Әуе апатында зардап шеккендерге қажетті емдеу көрсетіліп жатқанын айта кету қажет. Республикалық ҒЗИ мен орталықтардың үздік мамандары тартылды», - делінген министрлік ақпаратында.