Бұл туралы East Wing компаниясының президенті Виталий Масалитин айтты.
«Қазір қаза болғандардың туысқандарымен хабарласа бастадық. Тергеу процесіне сәйкес, жақындары мүрделерді анықтады. Осы процес біткен соң қаза болғандардың денесін алып кетуге рұқсат беріледі. Біз өз ұшақтарымызбен жеткізуіміз мүмкін», - деді Виталий Масалитин.
Қазір экипаж капитаны Геннадий Цой мен авиатехник Ахматбаевтың туғандары Қырғызстаннан келе жатыр.
Ал қазақстандық ұшқыш Евгений Кутафиннің туғандары Оралдан келе алмайтыны белгілі болды.
«Кутафиннің анасы науқас. Ол келе алмайды. Біз өзіміз сол жақтан ДНҚ материал алып, мүрдені анықтауға бар күшті салып жатырмыз. Кейінірек өзіміз олардың туысқандарына барамыз», - деді В.Масалитин.
Компания президентінің айтуынша, Цой АН-28 типіндегі ұшақтарда 12 мың сағат ұшқан. «Ұшқыш Кутафин Орал қаласының тумасы, 30 жастағы маман әуеде 400 сағат өткізген. Авиатехник те АН-28 ұшағында тәжірибесі көп. Қазақстанда 5 жыл жұмыс жасаған»,- деді ол.
East Wing компаниясы қаза болғандардың отбасына барынша қаржылық және басқалай көмек көрсетеміз деп сендіріп отыр.
Еске салайық, 3 қазан күні Алматы-Шымкент бағытында санитарлық авиарейсін орындаған «Ан-28» ұшағы сағат 18:47-де Алматыдан 28 шақырым қашықтықта радардан жоғалып кетті. Сосын сағат 19.15-те ұшақ Алматы облысы Іле ауданының Междуречинск ауылы маңында апатқа ұшырап , өртенгені хабарланды. Бортта болған 5 адам экипаж мүшелері - әуе кемесінің командирі Геннадий Цой, екінші пилот Евгений Кутафин, авиатехник Бейшибек Ахматбаев, Акушерия, гинекология және перинаталогия ғылыми орталығының профессоры, дәрігер акушер-гинеколог Талғат Анапиұлы Патсаев мен Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының реаниматологы Жәнібек Түкенұлы Артықбаев сол жерде қайтыс болды.
Дəрігерлер ОҚО-дағы жас босанып ауыр жағдайда жатқан келіншекті қарауға шақыртылған.