Әуе билетінің құнын төмендету үшін бәсекелестік жоғары болуы тиіс – Марат Қарабаев

Әуе билетінің бағасын бәсекелестікті арттыру арқылы төмендету керек. Бұл туралы ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: avtoradio.kz

Ақтөбеге тұрғындармен кездесіп, бірнеше нысан жұмысымен танысуға келген министр әуе билеттерінің құнын төмендету туралы сөз болды. ​

«Былтыр әуе тасымалы 17, биыл 26 пайызға өсті. Сұраныс пен ұсыныс сай келмей тұр. Ұшқысы келетіндер көп, оған ұшақ сай емес. Биыл тағы 11 ұшақ аламыз. Орын саны 12 мыңнан 15 мыңға артады. Ол да аз. «Бағасын бақылайық, бір бағаны ұстайық» деген идеологияны қолдамаймын. Не үшін? Мәселен, көп жыл жылу бағасы көтерілмеді, инвестиция салынбады. Тозу деңгейі жоғарылады. Ал авиация – өте қиын сала. Бірде-бір елде баға реттелмейді.​ Иә, кейбір елдерде мемлекеттік компаниялар бар. Оларға мемлекет субсидия беріп, бағаны төмендетеді. Бізде де ондай бағдарлама бар. Соңғы үш жылда субсидия алатын рейс саны 22-ге жетті. Бөлінген субсидия 2,5 млрд теңгеден 6,5 миллиард теңгеге дейін көтерілді. Егер бағаны бақылаймыз десек, әуе компаниялары ертең мүлде инвестиция салмай, жаңа борт алмай қалуы мүмкін. Ол жақсылыққа әкелмейді. Бізде барлығы бес компания, оның екеуі еншілес екенін білесіздер. Бағаны реттеудің жолы – бәсекелестікті арттыру. Ол үшін нарыққа жаңа компания әкелу керек», - деді ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев. ​

Министрдің сөзінше BJET компаниясымен арада келісім жүріп жатыр.

«Билеттің бағасы сол билетті алған уақытыңа байланысты. Біз ең соңғы сәтте, қымбат кезде аламыз. Сол кезде «қымбат» деп айтамыз. Бағаны реттеу керек дегенді қолдамаймыз, бірақ бағаның көтеріліп бара жатқанын көріп, байқап отырмыз. Ол үшін біріншіден, көбірек ұшақ сатып алуымыз керек. Екіншіден тағы да шетелдік ірі компанияларды тартып, ішкі бәсекелестікті жоғарылатамыз деп отырмыз. Сол арқылы баға тұрақталады деп ойлаймыз», - деді министр.