Қазақстан аспанын қорғайтын әскер: 33 жылдағы жол мен болашақтағы мақсат
АСТАНА. KAZINFORM — 19 маусым — Қазақстанның әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерінің құрылғанына — 33 жыл. Еліміздің әуе кеңістігін қорғау жүйесі қалай жұмыс істейді, неліктен кадрларды ел ішінде де, шетелде де даярлауға басымдық беріліп отыр? Сондай-ақ жасанды интеллект қорғаныс тәсілдерін қалай өзгерте алады? Осы және өзге де әуе қорғанысы туралы Kazinform агенттігіне берген сұхбатында Қазақстанның Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Дәуітов айтып берді.
— Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері құрылған сәттен бастап қандай негізгі кезеңнен өтті, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қандай міндет тұрды және қазір қандай міндет орындалып жатыр?
— 1992 жылдың 19 маусымында әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері Қазақстан Қарулы Күштерінің дербес түрі ретінде құрылды. Бұл мәртебеде олар 1998 жылдың 1 маусымына дейін болды. Сол кезде Президент Жарлығымен Әуе қорғанысы күштері құрылып, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері олардың құрамына әскер түрі ретінде енді.
2012 жылы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері толыққанды әскери басқару органын — Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы басқармасын алды. Содан бері және бүгінгі күнге дейін олар Әуе қорғанысы күштері құрамындағы әскер түрі ретінде әрекет етіп жатыр.
33 жыл бұрынғы басты міндет — әуе кеңістігін бақылау, стратегиялық нысандарды, халық пен аумақты әуе-ғарыштық шабуыл құралдарынан қорғау. Бұл міндет қазір де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
— Бүгінде қандай әуе қауіптері өзекті болып тұр және әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері жаңа сын-қатерге қалай бейімделіп жатыр?
— Бүгінде әлемдегі жағдай тұрақсыз. Көптеген қарулы қақтығыста әуе-ғарыштық шабуыл құралдары белсенді түрде қолданылып жатыр. Қауіп түрлері эволюцияға ұшырап, жаңа құралдар пайда болып жатыр. Оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттары (БПЛА), гипердыбысты ұшу аппараттары, түрлі қашықтықтағы баллистикалық зымырандар тағы басқа.
Бұл әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінен жедел бейімделуді талап етеді. Біз үнемі ахуалды сараптап, қорытынды жасап, тиісті шаралар қабылдаймыз. Ел басшылығы, Қарулы Күштер мен Әуе қорғанысы күштерінің басшылығы саланы жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс істеп жатыр. Жаңа қару-жарақ үлгілері сатып алынып жатыр, басқару және байланыс жүйелері жетілдірілуде, жеке құрамның кәсіби даярлық деңгейі артып келеді. Ескірген жүйе кезең-кезеңімен заманауи, барлық әуе қаупіне төтеп бере алатын жүйеге ауыстырылып жатыр.
— Еліміздің әуе шекарасы мен стратегиялық нысандарын қорғау қандай шаралар мен техникалар арқылы қамтамасыз етіледі?
— Әуе-ғарыштық қауіптерге уақтылы ден қою үшін алдын ала дайындық қажет. Әуе кеңістігін үнемі бақылауда ұстаймыз, маңызды нысандарға — мемлекеттік, әскери, инфрақұрылымдық — ықтимал шабуылдарға тойтарыс беруге әзір боламыз. Барлау, мониторинг және жедел әрекет ету жүйесі іске қосылған. Қазақстанның әуе шекарасын, халқын және стратегиялық маңызды нысандарын сенімді қорғау үшін барлық шара қабылдап жатыр.
— Техника мен қару-жарақ қаншалықты жаңартылған? Қандай жүйе қолданыста және қандай жаңа жүйе енгізу жоспарланып отыр? Отандық және шетелдік өндірістің арақатынасы қандай?
— Бүгінде техника шамамен 50% жаңартылған. Салыстырар болсақ, 10–15 жыл бұрын бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен болатын. Қарулы күштер басшылығы жаңғыртуды қамтамасыз ету үшін барлық шараны қабылдап жатыр.
Заманауи зениттік-зымырандық кешен — «Бук-М2Э», «Тор-М2К», сондай-ақ GM-403 «Нұр», «Роса-РБ» радиолокациялық станциясы жауынгерлік кезекшілікте тұр. Бұл техника Ресей, Беларусь және Францияда шыққан. Сонымен қатар олардың техникалық қызмет көрсетуі, жөндеуі мен жаңғыртылуы қазақстандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінде жүзеге асырылады. Мысалы, «Нұр» радиолокациялық станциясы толығымен Қазақстан аумағында құрастырылып, жеткізіледі.
— Қазақстанның әуе шабуылына қарсы қорғаныс даярлығы Орталық Азия және ТМД елдерімен салыстырғанда қай деңгейде?
— Мен жас офицер кезімде ТМД-ға мүше мемлекеттердің бірлескен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің бірлескен оқу-жаттығуларына қатыстым. Біздің әскер халықаралық байқауларда, әсіресе Ресейде өтетін «Аспан кілті» секілді сайысында үнемі жоғары нәтиже көрсетіп жүр.
Орталық Азия елдерінің әскерімен бірлескен іс-шаралар тұрақты түрде өтіп тұрады. Бұл аймақта біз сенімді көшбасшымыз. Ал ТМД аясында тұрақты түрде үздік үштік қатарындамыз. Бұл біздің жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейінің дәлелі.
— Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскері ұлттық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, соның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы және басқа ұйымдар аясында қандай рөл атқарады?
— Ұлттық қауіпсіздік — көпқырлы ұғым, оның ішінде әскери қауіпсіздік те бар. Біздің әскер әуе-ғарыш кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жетекші рөл атқарады. Соңғы жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, әуедегі басымдық — кез келген мемлекеттің қауіпсіздігінің аса маңызды шарты.
Біз ТМД елдерінің бірлескен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында белсенді түрде ынтымақтасып келеміз. Бұл құрылымдарда әуе қорғанысы әскерлері шешуші рөл атқарады және жедел дайындықтың негізгі іс-шараларына қатысады.
— Қазақстанның әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскері қандай халықаралық оқу-жаттығуларға қатысады және қай елдермен тығыз ынтымақтастық орнатылған?
— Біз тәжірибені елге қарап бөлмейміз. Ең алдымен, нақты әскери тәжірибенің болуына қараймыз, оны зерттеп, белгілі бір деңгейде өзімізге қабылдаймыз. Сонымен қатар біз серіктес елдердің ғана емес, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және басқа өңір елдерінің әскери тәжірибесін де зерделейміз. Бұл заманауи қауіп-қатерді жан-жақты түсінуге мүмкіндік береді.
Оқу-жаттығулардың ішіндегі негізгісі — тақ жылдары өткізілетін «Жауынгерлік ынтымақтастық». 2025 жылдың күзінде бұл оқу-жаттығуға Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан қатысады.
Сондай-ақ елімізде Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның қатысуымен «Таза аспан» оқу-жаттығуы ұйымдастырылады. Одан бөлек «Аспан кілті» атты байқау да бар. Соңғы жылдары Ресейдегі Ашулук полигонында өтті, оған біздің әскер қатысты.
— Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери мамандарын қайда даярлайды? Сол сияқты технологиялық даму жағдайында кадрға қандай талаптар қойылып жатыр?
— Негізгі дайындық Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында жүргізіледі. Сонымен қатар офицерлер Ресейде — Тверь қаласындағы Әуе-ғарыш қорғанысы әскери академиясында, Смоленск қаласындағы әскери академиясында және Беларусьтегі әскери академияда білім алады.
Кадрлық резерв жоғары оқу орындарындағы әскери кафедралар арқылы да қалыптасады, ал автоматтандырылған басқару жүйесі бойынша мамандарды Санкт-Петербургтегі А. Ф. Можайский атындағы Әскери-ғарыш академиясында даярлаймыз.
Қазір әскери оқу орындарында мемлекеттік емтихандар өтіп жатыр. Аттестациялық комиссияның құрамына біздің тәжірибелі офицерлер енді. Олар курсанттардың даярлық деңгейін бағалап, оқу бағдарламаларын жетілдіруге ұсыныстар береді.
— Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскері жүйесіне жасанды интеллект енгізіліп жатыр ма және енгізілсе қорғаныс қызметіне қалай әсер етіп жатыр?
— Қарулы күштер шеңберінде жасанды интеллектіні енгізуге байланысты құжат әзірленіп жатыр. ЖИ технологиясының әлеуетін, әсіресе күнделікті және оқу-жаттығу барысындағы ұрысты басқару процесін оңтайландырудағы маңызын жақсы түсінеміз. Бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр, бірақ қазір жасанды интеллектті әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне нақты енгізу туралы айтуға ерте. Бұл үлкен ресурс пен технологиялық базаны талап етеді, ал оны әлі дамыту қажет. Дегенмен бұл бағытта ілгерілеп келеміз.
— Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскері үнемі жауынгерлік дайындықта болып, күтпеген қауіп-қатерге қарсы қалай әрекет етеді?
— Бізде жауынгерлік кезекшілік жүйесі құрылған. Барлық жұмыс күрделі әрі көпқырлы процесті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жеке құрамды даярлаудан бастап, барлық материалдық-техникалық құралмен қамтамасыз етуге дейінгі іс-шараларды қамтиды.
Тәжірибелі офицерлер мен сержанттардың басшылығымен әуе қорғанысы әскерлері тәулік бойы кезекшілік атқарады. Бұл әуе күшінің күтпеген қауіпке дереу жауап беруге үнемі дайын болуын көздейтін ерекше режим. Кезекшілікке бар техника тартылады.
— Алдағы уақытта әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскер саласын дамытудың қандай басым бағыттары белгіленген?
— Қысқа мерзімдегі басты басымдыққа, кадр даярлау және жекелеген қару-жарақ үлгілерін ауыстыру. Ұзақ мерзімді перспективада, жаңа жүйеге көшу, техникалық қайта жарақтандыру, инфрақұрылымды дамыту. Бұл үлкен адамдық және зияткерлік ресурстарды қажет етеді. Қазір біздің басты міндет — техниканы жаңғырту және заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.
— Сіздің ойыңызша, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскері несімен ерекшелендіреді?
— Бұл сұраққа жауап беру маған, өмір бойы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінде қызмет еткен қолбасшы ретінде, оңай емес. Бірақ, мен мынаны нақты айта аламын, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерінде қызмет ететіндерді жоғары интеллект, кең дүниетаным, ең бастысы — Отанға деген адалдық пен өз ісіне шынайы берілгендік ерекшелейді.
— Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің кәсіби мерекесі күні жеке құрам мен ардагерлерге қандай тілек айтасыз?
— Барша ардагерді, офицерді, сержанттар мен жауынгерлерді даңқты әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Әрқашан әуе қорғанысына ерекше назар аударылып келді және сала қазір де аса маңызды болып отыр.
Сіздерге зор денсаулық, амандық, төзімділік пен табыс тілеймін. Әуе қорғанысы әскерлерінің алдында өте күрделі міндет тұр, біз оларды орындауға дайынбыз. Елімізге өркендеу мен қарқынды даму тілеймін!