Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында жаңа кешен іске қосылды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарына жұмыс сапарымен барып, ондағы әскери бөлімдер мен мекемелерді аралайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбеде генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Әуе қорғанысы күштері әскери институтында оқу-жаттығу процесінің ұйымдастырылуын тексерді. Оған кафедралардың оқу-жаттығу материалдық базасы, оқыту сыныптарының жабдықтары көрсетілді. Әскери оқу орнының бастығы ЖОО-ны дамытудың келешектегі басым бағыттары, атқарылған іс-шаралар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.


Институт басшылығы өздері жасап жатқан «Виртуалды әуе айлағының» жаңа жаттықтыру кешенін көрсетті. Бұл кешен жеке ұшақтар мен авиация топтарын қондыру кезінде ұшуды басқаруға мүмкіндік береді. Оның көмегімен курсанттар ұшу қауіпсіздігін бақылау мен қамтамасыз етудің негіздерін зерделейді. Кешеннің бағдарламалық жасақтамасы Л-39 ұшағының төрт жаттықтыру құрылғысымен және Ми-8МТ тікұшағының екі симуляторымен біріктірілген.


Бұл жаттықтыру құрылғысын институттың профессорлық-оқытушылар құрамы, ал бағдарлама жасақтамасын бірінші курстың курсанты Әлихан Дәулетұлы әзірлеген.

Қорғаныс ведомствосының басшысы әскери базаның объектілерін аралап көріп, бөлімшелердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігінің, әскери даярлықтың жай-күйіне қатысты бөлім командирін тыңдады, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді орналасуымен, олардың тұрмыстық жағдайымен, қару-жарақ пен әскери техниканы сақталуын ұйымдастырумен танысты.


Қорғаныс министрі осы жұмыс сапары кезінде Атырау мен Ақтау гарнизондарына да баруды жоспарлап отыр.


Соңғы жаңалықтар