Әуе нысандарын анықтау бойынша Әуе қорғанысы күштерінде кенеттен тексеру өткізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 31 қазанда әуе нысандарын айқындау, басып алу бойынша Әуе қорғанысы күштерінің кезекші күштері мен құралдарының әзірлігі мен қабілеттілігінің жай-күйін кенеттен тексеру жүргізілді.

ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұшақтар (оқу нысаналары) Әуе қорғанысы күштеріне белгісіз бағдарлар бойынша еліміздің әр нүктесінен ұшып шықты. Әуе қорғанысы күштеріне оларды басып алу және шартты жою жөнінде уақтылы анықтау және шаралар қабылдау тапсырмасы берілді.

Кенеттен тексеру барысында тактикалық-жауынгерлік тапсырмаларды орындай отырып, ӘҚК-нің бөлімшелерін дабыл бойынша көтерумен іс-қимылдарды пысықтауға ерекше көңіл бөлінді. Тосыннан тексеруге МиГ-31 жойғышының экипаждары, Ми-17-нің 2 тікұшағы мен ТЛ-2000-ның 3 ұшу аппараты, сондай-ақ әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімдері, бөлімшелері және Әскери-әуе күштерінің экипаждары тартылды. Нәтижелері бойынша кенеттен тексеріске қатысқан кезекші күштердің іс-қимылдары талқыға салынады.