Еске сала кетейік, 11 қараша күні «Эйр Астана» әуе компаниясының Эмбраер-190 ұшағынан Португалияда техникалық қызметтен кейінгі ұшу кезінде техникалық ақау табылып, экипаж Португалияның Бежа қаласындағы аэродромға қонуға мәжбүр болған еді.
«Британиялық инженердің тобығына зақым тиіп, ал қазақстандық инженердің артериялық қан қысымы көтерілген. Оларға медициналық көмек көрсетілді, ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ», - дейді арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында әуе компаниясының президенті Питер Фостер.
Ол оқыс оқиғаға қатысты тексерістердің нәтижесі қалай боларын алдын ала болжау мүмкін емес екенін, дегенмен компаниядағы деректерге қарай кейбір қорытындыларды айтуға болатынын тілге тиек етті.
«Біріншіден, ұшақты бақылаудағы қиындықтар OGMA компаниясы жүргізген жөндеу жұмыстарының тікелей салдары. Екіншіден, капитан Аушев қолынан келгенін істеп, ұшақты қауіпсіз қондырған әрі әріптестерінің де жанын аман сақтап қалған», - деді ол.
Қазіргі кезде әуе компаниясы тоғыз Embraer ұшағын пайдаланады. Air Astana өкілдерінің айтуынша, алдымен оқыс оқиғаның нақты себептерін айқындау қажет, қалған ұшақтарды тексеру қажет пе, жоқ па - бұл туралы шешімді компания содан кейін шығарады.