Жаңартылған қағидаға сәйкес, Қазақстан мен әлемдік қауымдастық алдында еңбегі сіңген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет және басқа да сала өкілдерінің есімі мемлекеттік меншік нысандарына олар қайтыс болғаннан кейін кемінде бес жыл өткен соң ғана беріледі.
Бұл талаптың ел тәуелсіздігін нығайтуға айрықша үлес қосқан азаматтарға қатысы жоқ.
Сонымен қатар мемлекеттік меншік нысандарына атау беру, олардың атауын өзгерту немесе нақтылау, транскрипциясын түзету, сондай-ақ мемлекеттік және мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке атау беру кезінде ұсынылатын құжаттар тізімі нақтыланды.
Енді ономастика саласындағы уәкілетті органға:
— орталық мемлекеттік органның немесе жергілікті атқарушы органның өтінішхаты;
— өкілді және атқарушы органдардың бірлескен шешімі (орталық мемлекеттік органдарға қарайтын нысандардан басқа);
— заңды тұлға ұжымының жиналыс хаттамасы;
— нысан басшысының ұсыныс хаты;
— атау беруді немесе өзгертуді негіздейтін анықтамалық және мұрағат материалдары;
— есімі берілетін тұлғаның өмірбаяны туралы мәліметтер;
— атау беруге немесе өзгертуге байланысты жұмыстарды қаржыландыруға қатысты ақпарат ұсынылуы тиіс.
Құжаттарды қарау мерзімі де айқындалды. Уәкілетті орган құжаттарды алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысын тиісті орталық мемлекеттік органдарға немесе жергілікті атқарушы органдарға жолдайды.
Комиссия мақұлдаған жағдайда, орталық мемлекеттік органдар немесе жергілікті атқарушы органдар нысанға атау беру немесе оны өзгерту туралы шешім қабылдайды. Ал заңнамада көзделген жағдайларда комиссияның қорытындысы қоса беріліп, Үкімет қаулысының жобасы енгізіледі.
Қаулы 2026 жылғы 17 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.
Еске салайық, Қазақстан өңірлерінде ономастика комиссияларының жұмыс ережелері жаңартылған еді.