Әуежайда шекарашыны шалып құлатқан спортшыға 1 млн теңге айыппұл салынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының Түркісіб аудандық сотында азамат С. Бимурзинге қатысты қылмыстық істі қарау аяқталды. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен хабарлады.

С. Бимурзинге сот алдында ҚР Қылмыстық Кодексінің 379-бабының 1-тармағы (билік өкіліне бағынбаушылық) және 380-бабының 1-тармағы (билік өкіліне зорлық-зомбылық көрсету) бойынша үкім шығарылды.

Сот үкімі бойынша С. Бимурзин ҚР ҚК 379-бабының 1-тармағы бойынша қылмыстық теріс қылық жасағаны және ҚР ҚК 380-бабының 1-тармағы бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп табылды.

ҚР ҚК 58-бабының 2-тармағы негізінде қылмыстық құқықбұзушылық жиынтығы бойынша Бимурзинге 500 айлық-есептік көрсеткіш көлемінде (991 000 теңге) айыппұл түрінде жазалау шарасы тағайындалды.

Сот анықтағанындай, 2015 жылдың 7 желтоқсанында сағат 12-лер шамасында С. Бимурзин Алматы халықаралық әуежайының VIP ұшып кету залына келіп, өткізу пунктінің режімдік аймағына өтуге әрекет жасаған. Осы шақта, оны шекаралық бақылау бөлімінің бақылаушысы кіші сержант Н. Б. тоқтатады. Өйткені, оның режімдік аймақта болмауы керек.

Билік өкілінің рұқсат қағазын немесе отырғызу талонын көрсету туралы заңды талаптарына Бимурзин бағынбаған. Сөйтіп, кіші сержанттың жанымен төлқұжаттық бақылау сызығының арғы жағына өтіп, әуежайдың режімдік аймағына бағыт алады.

Билік өкілі режімдік аймақты босату жөнінде талап еткенде С. Бимурзин билік өкілі Н. Б. қарсы күш қолданып, оны ұстап, шалып құлатқан.

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.