Әуежайлардағы құстарды үркіту үшін қандай әдістер қолданылады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан әуежайларында ұшақтардың құстармен соқтығысуының алдын алу үшін акустикалық, визуалды, пиротехникалық және лазерлік құрылғылар қолданылады. Бұл туралы Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында айтты.

Фото: Kazinform / ЖИ

Ведомство мәліметінше, әуежайларда құстарды бақылау арнайы бекітілген бағдарламалар негізінде жүргізіледі. Осы бағдарламалар аясында олардың шоғырланатын орындары анықталып, құстарды тартуы мүмкін нысандарға назар аударылады.

– Әуеайлақтарды пайдаланушылар әуежай аумағы мен оған іргелес жерлерді белгілі бір уақыт сайын тексеріп отырады. Қажет болған жағдайда құстардың жиналуына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылданады. Құстарды үркіту тәсілі олардың түріне, мінез-құлқына, санына, жыл мезгіліне және нақты қауіп деңгейіне қарай таңдалады, - делінген жауапта.

Көктемгі және күзгі көші-қон кезінде бақылау жұмыстары күшейтіледі. Бұл кезеңде әуежай аумағын патрульдеу жиілеп, құстарды үркіту шаралары белсенді жүргізіледі.

Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында құстарды үркіту үшін газ зеңбіректері, стационарлық және автокөлікке орнатылған биоакустикалық жүйелер, механикалық құралдар, қол лазерлері, дыбыстық және пиротехникалық құрылғылар пайдаланылады.

Әуежай мәліметінше, қажет болған жағдайда бірнеше әдіс қатар қолданылады. Мамандар құстардың белгілі бір дыбысқа немесе құрылғыға үйреніп кетпеуі үшін үркіту тәсілдерін алмастырып отырады.

Авиациялық әкімшіліктің түсіндіруінше, аталған жұмыстардың негізгі мақсаты – әуеайлақ аумағында құстардың шоғырлануына жол бермеу және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету.