Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Берік Асылов Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында мәлім етті.
«31.12.2022 жылы Бас прокуратура Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының атына заң бұзушылықтарды жою туралы мынадай шаралар қабылдау үшін ұсыну енгізді», - делінген жауапта.
Оның айтуынша, Үкімет қарауына мынандай ұсыныстар жолданған:
- əуежайларға жақын объектілердің тиісті келісімінсіз тұрғызуға жол бермеу жөніндегі жергілікті атқарушы жəне уəкілетті органдар арасындағы өзара іс-қимыл алгоритмін əзірлеу;
- əуеайлақ маңындағы аумақтарда жерлерді аймақтарға бөлу;
- əуежайлардың санитарлық-қорғау аймақтарын орнату;
- ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, жер учаскелерін заңсыз иеленуден алу жəне əуежайлардың санитарлық-қорғау аймақтарына қайтару мəселелерін қарау;
- тамақ қалдықтары шығарылатын орындарды, қоқыс үйінділерін (əуеайлақтың бақылау нүктесінен 15 км жақын қашықтықта) орналастыруға, аң шаруашылығы фермаларын, мал сою алаңдарын жəне құстардың тартумен жəне жаппай жиналуына ықпал ететін өнеркəсіптік жəне тұрмыстық инфрақұрылымның басқа да объектілерін салуға тыйым салу;
- кінəлі адамдарды жауапқа тарту.
Сондай-ақ, Бас прокурордың мәліметі бойынша, Астанадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Азаматтық авиация комитеті қызметкерлерінің үстінен «Fokker-100» ұшағының Алматы іргесіндегі апатына байланысты қылмыстық істі тергеп жатыр.