АСТАНА. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылғы 13 қыркүйекте Алматы қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясының) қызметкерлерімен өткізілген жедел іс-шаралар барысында Алматы қаласы Әуезов аудандық әділет басқармасының Н. есімді лауазымды тұлғасы ұсталды.
Ол С. есімді азаматтан екі заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеуге қою куәлігін бергені үшін, жалпы сомасы 150 мың теңге пара алу үстінде құрықталды. Бұл жайында ҚР Қаржы полициясы хабарлап отыр.
Сондай-ақ, « дәл осы күні, Н. есімді азаматқа қатысты ҚР ҚК 311-бабының 2-тармағы (пара алу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Соттың санкциясымен соңғыға қатысты «қамауға алу» бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі таңда қылмыстық іс тергелуде, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды»,-делінген аталмыш ведомоствоның мәліметтерінде.
Руслан Ғаббасов
Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 2005 жылдан бері «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істеп келеді.