Ауған героинының төрттен бірі Орталық Азия арқылы жөнелтіледі

НЬЮ-ЙОРК.  Қазанның  22-сі. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ -   Ауған героинының    төрттен бірі    Орталық  Азия арқылы заңсыз   жөнелтіледі.

 Бұл туралы БҰҰ-ның   Есірткі  және қылмыстар жөніндегі басқармасы жариялаған   ауған апиынының     таралуының  трансұлттық қаупі  туралы  баяндамасында  айтылып  отыр.

 Баяндама авторларының  айтуынша,  бүгінде әлем бойынша өсірілетін      апиын  көкнәрінің   92 пайызы  Ауғанстанның   үлесіне келеді екен.   Жыл сайын ол  елден     шетелдерге    900   тонна апиын және 375   тонна героин заңсыз   жөнелтіледі.  БҰҰ  басқармасы  есірткі  трафигінің        есірткі  тасымалданатын   Балқан және    Еуразиялық бағыттардың  бойындағы    елдердің, Қытай,  Үндістан және  Ресей   Федерациясының     қауіпсіздігіне  және     халықтардың  денсаулығына    теріс  әсер  етіп отырғанын  айтуда.

 Әлем  бойынша  15 миллион нашақор бар.  Оған қоса,  нашақорлық жыл  сайын 100  мың адамның  өмірін  қияды.  Есірткі трафигі   сондай-ақ   ЖҚТБ  індетінің таралуына    себеп  болады,    қылмыстық, лаңкестік  топтарды  қаржыландырады.     БҰҰ басқармасы сарапшыларының пікірінше, ауған  героинының  40 пайызы -    Пәкістанға,  30 пайызы  Иранға   тасымалданады,   ал 25   пайызға жуығы  Орталық  Азияға     жеткізіледі.