Ауған мәселелерін реттеуде ЕҚЫҰ әлеуетін белсенді түрде іске қосу қажет - Қ.Тоқаев

АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат - Бүгін ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Венадағы қысқы сессиясы аясындағы Ауғанстандағы жағдай жөніндегі арнайы пікірсайыстарға қазақстандық парламенттік делегацияның басшысы, Парламент Сенатының Төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі,

деп хабарлады ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

«Ауған мәселесін» қазіргі халықаралық қатынастардағы өткір мәселе екенін айта келіп, төраға «әлемнің көптеген бөлігінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы осы мәселенің шешілуіне байланысты», деп атап өтті.

Ауған мәселесінің Орталық Азия мемлекеттері үшін ерекше маңызды екенін атап өте келіп, Қ.Тоқаев заңсыз өсіп келе жатқан көші-қон, оның есірткі тасымалы, лаңкестік және экстремизм секілді қауіпсіздікке қатер төндіруге ұласу қаупіне тоқталды.

Жедел өзгеріп отырған, жаһанданған әлем жағдайында қауіпсіздік жүйесі тек еуропалық немесе азиялық болып қарастырылуы мүмкін емес.

«Еуропа мен Азия - бұлар шын мәнінде тарихи, экономикалық және мәдени байланыстармен тығыз өрілген тұтас географиялық және саяси кеңістік»,- деді төраға.

Өзінің географиялық жағдайына байланысты ЕҚЫҰ құрамына кірмеген және оның жауапкершілігінен тыс жатқан Ауғанстан барлық Еуропалық құрлықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің негізгі қатысушы болып отыр.

Сондықтан Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалық етудегі өзінің негізгі басымдықтарының бірі ретінде Ауғанстанды оңалту жөніндегі халықаралық күш-жігерді қолдаудағы Ұйымның рөлін арттыруды белгіледі.

Ауған мәселелерін реттеудегі нақты жағдайды көрсететін ЕҚЫҰ-ның жаңа стратегиясын әзірлеуде Қ.Тоқаевтың пікірінше, Ұйымның әлеуетін белсенді түрде іске қосу қажет.

«Бұл тұрғыда 2010 жылы Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу жөніндегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы ерекше көкейкесті болып отыр, ондағы негізгі тақырыптардың бірі Ауғанстандағы жағдай бола алар еді», - деп атап өтті төраға.

Ауған мәселесі биылғы мамыр айында Алматыда өтетін «ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі» Трансазиялық парламентшілер жиынының күн тәртібіне енгізілген.

Ауғандықтардың бейбіт және жасампаздық өмірге оралу үдерістеріне барлық мемлекеттердің қатысуы маңызды екенін атап өте келіп, төраға ауған мәселелерін шешуде «қарусыздану» қадамдарын жақтайтынын, гуманитарлық бастамаларға көшу және экономикалық құрамдастықты күшейту жайында ойларын ортаға салды.

Осыған байланысты ол осы елдің экономикалық әлеуетін қалпына келтіру ісіндегі Қазақстан қолға алған шаралар жайында хабардар етті.

Ауғанстандағы инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіруге 4 миллион доллар беріліп, гуманитарлық жәрдем көрсетілді. Ауғандықтардың қазақстандық жоғары оқу орындарында түрлі азаматтық мамандықтарға оқуы үшін біздің еліміз Президентінің шешімімен 50 миллион доллар бөлінді.

Ауғанстанды жаңғырту жөніндегі күш-жігердің табыстылығы Орталық Азиялық аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке тікелей байланысты екенін атап өте отырып, төраға «Қазақстан энергетика, көлік, лаңкестік және есірткі бизнесі, заңсыз көші-қонмен күрес саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы өңірдегі мемлекеттердің осы үдерістерге кеңінен қатысуын жақтайды», деп атап өтті.

Ауғанстанды жаңартудағы маңызды бағыттардың бірі, Қ.Тоқаевтың пікірінше, елдің АӨІСШК, ШЫҰ және ҰҚШҰ секілді халықаралық қауіпсіздік құрылымдарына қатысуы болып табылады.

Қазақстан жағының «Орталық Азия - Ауғанстан» үнқатысуы жұмыстарының басталу ықтималдығы туралы хабардар ете келіп, төраға ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің Іс-қимыл жоспары аясында есірткі индустриясын жою жөніндегі және АИР-дағы тлаңкестікпен, есірткінің заңсыз айналымы және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресте халықаралық күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.

ЕҚЫҰ бойынша әріптестермен есірткіге қарсы өзара іс-қимыл аясында Қ.Тоқаев Қазақстанның төрағалық ету кезеңінде есірткінің заңсыз айналымымен күрес жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанын атап өтті.

Төрағаның айтуынша, беделді және ықпалды саясаткерлердің, оның ішінде Ассамблея парламентшілерінің жан-жақты қолдауы қазіргі төраға ретінде Қазақстанға ауған мәселесін шешу жөніндегі әлем қоғамдастығының күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік береді.

Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев Вена Дипломатия Академиясында лекция оқыды. Төраға негізгі халықаралық мәселелер мен әлем қоғамдастығындағы Қазақстанның рөлі туралы ойларын ортаға салды, сондай-ақ оның ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалық етуіндегі кейбір ерекшеліктер жайындағы сөзіне тыңдаушылар ықыласпен ден қойды.