Ауған соғысы ардагерлері - жоғары рухтың айқын көрінісі - Жанна Құрманғалиева

АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат - Мәдениет және ақпарат министрлігі Ауған соғысы ардагерлерінің барлық бастамаларын қолдайтын болады.

Кеше  өткен Қазақстанның Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының IV съезінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева осылай мәлім етті.

Министрліктің жауапты хатшысы атап көрсеткендей, Ауған соғысы ардагерлері - жоғары рухтың айқын көрінісі. Бүгінде олар жас қазақстандықтардың рухын көтеріп, патриоттық тәрбие беру бойынша аянбай еңбек етіп келеді. «Мәселен, осыдан екі жыл бұрын олар республика бойынша автошеру ұйымдастырды, өздерінің әріптестерімен кездесіп, Ауған соғысында қаза болған сарбаздардың отбасыларына көмектесті. Бұл жобаға біз де қатысып, жан-жақты қолдау көрсеттік. Міне, осындай қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасатын болады. Біз Ауған соғысы ардагерлерінің барлық әлеуметтік маңызы бар жобаларын қолдауға дайынбыз. Ол үшін біз дүйсенбі күні барлық облыстардың ішкі саясат бөлімдеріне хат жолдап, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының барлық жобаларын қолдау қажеттігін жеткізетін боламыз», - дейді Ж.Құрманғалиева.