Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі барысында министр Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасының атына тікелей желіде келіп түскен сауалдарға тоқтала келе, осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елбасы атына келіп түскен сауалдардың бір парасы ұлттық киноны дамытуға қатысты болды. Жалпы, бүгінгі күні «Қазақфильм» киностудиясының жұмысын толық қайта жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталды. Нәтижесінде, «Қазақфильм» киностудиясы сандық жүйеге көшетін болады. Сонымен бірге, осы уақытқа дейін біз түсірілген фильмдердің барлығын заманға сай өңдеу, дыбыс жазу, монтаждау жұмыстарын шетелде жасап келсек, ендігі күні өзіміздің киностудиямызда жүргізе алатын жағдайға жеткелі отырмыз. Сонымен қатар, тұңғыш рет ұлттық мультипликациялық 1 сағаттық фильмдер жасауға кірістік. Бұл шындығында ел тарихында тұңғыш рет жүзеге асқалы отырған маңызды шара», деді М. Құл-Мұхаммед. Министрдің айтуынша, былтырдан бері оншақты көркем фильмдер, қысқа метражды 5 онимациялық фильмдер түсірілген. Келесі жылғы жұмыс жоспары бұдан да ауқымды болып табылады.
«Қазақстан кинематографиясынан түлеп ұшқан, шетелдерде әжептәуір беделмен қызмет істеп жатқан азаматтардың қатысуымен біршама жоспарды жүзеге асыратын боламыз. Атап айтқанда, Тимур Бекмамбетовтың режиссерлығымен «Алтын адам» атты фильм түсіру жоспарда бар. Бұдан басқа, белгілі режиссер Егор Кончаловскийдің атсалысуымен ауған соғысында ерлік көрсеткен қазақстандықтар туралы фильм түсіріледі. Әзірше, ол фильмге «Қара майор» немесе «Нағыз полковник» деген шартты, жұмыс бабындағы атаулар беріліп отыр», деді М. Құл-Мұхаммед.