Ауған соғысының аяқталғанына 22 жыл

АЛМАТЫ. 15 ақпан. ҚазАқпарат /Әйгерім Әмір/ - Бүгін Алматыдағы 28-гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта Ауғанстандағы соғыстың аяқталғанына 22 жыл толуына орай шара өткізілді.

Ұйымдастырушы - Ауған соғысы ардагерлерінің үйлестіру және жергілікті әскери шиеленістер кеңесі.

«Біз сол соғыста қаза болған отандастарымызды ұмытпаймыз.. Олардың ерліктері жайлы біз әрдайым айтып жүреміз. Ондағы басты мақсатымыз - өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, ел ісіне етене араластыру, жалпы мемлекет алдындағы борышын адал жолмен атқарған азаматтардың ерлігін жастарға паш ету» - дейді «Ардагер» ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серікбай Баймолдинов.

Аталмыш шара салтанатты түрде өтті. Жиналған жұрт мәңгілік алау мен Ауғанстанда қайтыс болғандардың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Дәстүрлі түрде митинг өтіп, соңында алғыс хаттар, медальдар тапсырылды. Сондай-ақ, соғыс ардагерлері құрметіне әскери әндер орындалды.

Қазақстаннан бұл соғысқа 22 296 адам аттанған. Солардың ішінде 924 жауынгер қаза тапты. Ал, 21-і хабар-ошарсыз кеткен. Бүгінде Қазақстан бойынша 17 мыңнан астам ауған соғысының ардагері бар.