Ауғандық азамат автобустың астына байланып, жарты Еуропаны кесіп өткен

МӘСКЕУ. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат - Ауғандық азамат автобустың астына байланып, жарты Еуропаны кесіп өткен,

деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап.Италияға қоныс тебуді арман еткен 19 жасар жігіт бұл «экстремалды» сапарын Афиныдан бастаған. Автобустарды шатастырып алған әлгі жігіт, мүлдем басқа жолмен бара жатқан автобустың астына өзін байлап-матап тастайды. Жігіт осындай жағдайда Македония, Сербия, Венгрия және Словакия елдері арқылы жүріп өтеді. 2800 шақырымдың бұл сапардың соңында оны механиктер тауып алады. Автобустың астынан оны шығарып алған механиктер оның «Италия?», - деген сауалын естиді. Бірақ ол автобустың Польшаның солтүстігіндегі Нова-Демба қаласына келгенін естіп біледі. «Ол әбден әбіржіген, тоңған, ашыққан», - дейді механиктердің бірі. Куәгерлердің айтуынша, оның ешқандай құжаты да болмаған. Жігіт тек өзінің атын және қай қаладан келе жатқанын ғана айта алған. Өзін босқын деп атап, пана сұраған. Енді оның ісімен Польшаның Ұсталған құқықбұзушыларды қамауда ұстау орталығы айналысатын болады.