ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан Ауғанстанның уақытша үкіметімен жүк тасымалдаушылардан алынатын төлем сомасын төмендетуді көздейтін келісім жасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Өзбекстанның Көлік министрлігінен мәлім еткендей, Өзбекстанда тіркелген жүк көлігінен Ауғанстан аумағына кіргені үшін алынатын төлем 3,5 мың афганиге (шамамен $53) төмендейді. Осы уақытқа дейін ол 5 мың афгани ($76) шамасында болған еді.
Бұған қоса, Әмудария арқылы өтетін «Достық» көпірімен жүру ақысы 12 мың афганиден ($182) 7 мың афганиге ($106) дейін арзандайды.
Осылайша, Ауғанстанға тауар тасымалдайтын немесе транзитпен өтетін өзбекстандық жүк көліктерінің жүргізушілері жалпы сомасы 6,5 мың афгани ($99) үнемдейді.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.