Ауғанстан биыл есірткіге қарсы Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығына мүше болуы мүмкін

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ауғанстан биыл Есірткі құралдары, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығына мүшелікке қабылдануы мүмкін.

Бұл туралы бүгін Алматыда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның есірткіге қарсы ведомство басшыларының жұмыс кездесуі барысында белгілі болды.

«Қазір Ауғанстан мемлекетін Есірткі құралдары, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығына мүшелікке қабылдау мәселесі талқыланып жатыр. Әзірге бұл мемлекеттің өкілі Орталық жұмысына бақылаушы ретінде қатысып келеді», - деді аталмыш орталықтың аға сарапшысы Азамат Сабырбеков.

Қазіргі таңда Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығына бақылаушы ретінде Ауғанстанмен қатар, Германия, Италия, Ұлыбритания, Канада және АҚШ елдері тіркелген. Болашақта бұл мемлекеттер де аталмыш орталықтың толыққанды мүшелеріне айналуы мүмкін.

Айта кетелік, бүгінгі бас қосуда есірткі қылмысы бойынша іздеу жарияланған адамдар бойынша Есірткі құралдары, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының (ОАӨАҮО) сайтында ашық деректер қорын жасау мәселесі пысықталды.