Ауғанстан, Қытай, Ресей: Қазақстан астығын қай елдер көбірек алып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан астығының сыртқы нарықтарға тасымалы биыл айтарлықтай өсті. Жыл басынан бері теміржолмен, 2 миллион тонна астық экспортталған. Бұл туралы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Үкіметте баяндады.

Фото: Kazinform/ЖИ

— Биыл 8 айда теміржол арқылы 9,3 миллион тонна астық тасымалданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға көп. Оның ішінде экспортқа 7,2 миллион тонна, ел ішінде — 2,1 миллион тонна тасымалданды, — деді Ж. Тайжанов.

Негізгі бағыттар бойынша өсім бар. Орталық Азия елдеріне тасымал 37 пайызға, Қытайға — 34 пайызға өскен. Ресейдің Балтық және Қара теңіз порттары арқылы тасымал 9 пайызға артқан.

Ауғанстанға астық тасымалы 4,4 есе өсіп, 655 мың тоннаға жетті.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— Өңделген өнім көлемі де өсіп келеді. Қоспа жем тасымалы 38 пайызға өсіп, 2,6 миллион тоннаға жетті. Жаңа астықты тасымалдауға қажетті вагондар мен локомотивтер дайын. Бүгінде 16 900 астық вагоны, 17 800 жабық вагон және 2 мыңнан астам локомотив бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп. Қажет болған жағдайда қосымша толықтыра аламыз, — деді Көлік вице-министрі.

Айта кетейік, бүгін Үкіметте күзгі жиын-терім жұмыстары қаралып жатыр.

Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров қазан мен қараша айлары әдеттегіден жылы болатынын айтты.