Ауғанстан қорғаныс министрінің үйіне шабуыл жасалып, 8 адам қаза болды

КАБУЛ. ҚазАқпарат – Ауғанстанның Ішкі істер министрлігі сәрсенбі күні Кабулде елдің қорғаныс министрі міндетін атқарушының үйіне жасалған шабуыл салдарынан 8 адам мерт болып, 20 адамның жарақат алғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Deutsche Welle -ге сілтеме жасап.

«Талибан» қозғалысының содырлары шабуыл үшін жауапкершілікті өз мойнына алды. «Талибан» өкілі елдің жоғары мемлекеттік қызметкерлеріне қарсы жаңа шабуылдар жоспарланғанын мәлімдеді.

Шабуыл көтерілісшілер тобының Ауғанстан арқылы өтуі және бірнеше провинцияның астаналарын басып алу аясында болды.

Сәрсенбіде Ауғанстанның бас қауіпсіздік агенттігінің кеңсесі жанындағы кезекті жарылыс салдарынан 3 адам жарақат алды. Оның «Талибан» қозғалысы мәлім еткен шабуылға байланысы бар ма, жоқ па, әлі белгісіз.

«Талибан» қозғалысының ресми өкілі Забихулла Муджахид елдің қорғаныс министрінің үйіне жасалған шабуыл содырлар тобына шабуыл жасауға бұйрық берген Ауғанстан үкіметіне «кек қайтару әрекетінің басы» екенін айтты.

Қауіп Ауған күштері елдің оңтүстігіндегі Лашкаргах қаласында көтерілісшілерге қарсы шабуыл жасағаннан кейін туындай бастаған.

Қорғаныс министрінің міндетін атқарушы Бисмилла Мохаммади шабуылдан кейін көп ұзамай жарияланған видеода «бұл менің отандастарымды және менің елімді қорғауға дайын екендігіме әсер етпейді» деді.

Сейсенбі күні Ауғанстан шенеуніктері талибтер Хельман провинциясының астанасы Лашкаргахтағы 10 ауданның тоғызын басып алғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ бірнеше күн бойы Кандагар провинциясында және Герат қаласының батыс бөлігінде ұрыс жалғасуда.

Соңғы апталарда қақтығыс салдарынан ондаған бейбіт тұрғын қаза тапты, ал жүздеген адам үйлерінен айырылды.