Ауғанстан мен Пәкістанда қар көшкінінен 100-ден астам адам қаза тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстан мен Пәкістанда қар көшкінінен 100-ден астам адам қаза тапты. Бұл туралы BBC News хабарлады.

Соңғы деректерге сүйенсек, Ауғанстанда табиғи апат салдарынан 106 адам қаза тауып, оншақты адам зардап шекті. Ең көп көз жұмғандар - Пәкістан шекарасындағы Нуристан провинциясында. Бұл аумақта екі ауыл, соның бірінде 53 тұрғыны бар елді мекен толықтай көшкіннің астында қалды. Олардың бәрі де ажал құшты. Пәкістандық құтқарушылар елдің солтүстік-батысында тоғыз адамның қаза тапқанын хабарлады. Бірнеше адам қар құрсауынан шыға алмай, машинаның ішінде қалып қойған.

Нақты зардап шеккендер саны анықталмады, себебі көптеген ауылдармен байланыс үзілген. Үздіксіз жауған қар мен жолдағы үйінділер баруға мүмкіндік бермеуде. Кабул - Кандагар тас жолында полиция мен сарбаздар қар құрсауынан 250-ден астам машинаны құтқарды. Ауа райы қалпына келгеннен кейін, Нуристанға  құтқарушылардың екі тікұшағы жіберіледі. Кабул халықаралық әуежайы қазір жабық, Саланг өткеліндегі қозғалыс шектелді.

Синоптиктердің болжауынша, қолайсыз ауа райы тағы бірнеше күнге созылады.