Ауғанстан Орталық Азия үшін жаңа нарыққа айнала ала ма

АСТАНА. KAZINFORM - Қазіргі таңда Ауғанстан азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан әлемдегі ең осал елдердің бірі болып отыр. Соған қарамастан ел экономикасын қалпына келтіріп, сыртқы көмекке тәуелділікті біртіндеп азайтуға күш салып келеді. Бұл Орталық Азия үшін тек гуманитарлық емес, экономикалық тұрғыдан да маңызды мәселе.

Фото: una-oic.org

Ауған фермерлерінің гуманитарлық көмекке тәуелді болмай, өз өнімін өндіруіне Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы (ИАЗҚҰ) қалай көмектесіп жатыр? Қандай нәтижелер бар және алдағы уақытта қандай жобалар жүзеге асырылады? Бұл туралы ИАЗҚҰ Бас директоры Берік Арын айтып берді.

Ауғанстан өз өнімін өндіруге көшіп жатыр

Ауғанстан 1969 жылдан бері Ислам ынтымақтастығы ұйымының мүшесі. 2021 жылғы желтоқсанда Исламабадта өткен ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің төтенше сессиясынан кейін елге қолдау көрсету үшін арнайы шаралар қабылданды. Соның ішінде гуманитарлық көмек қоры құрылып, Ауғанстанның азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаны жүзеге асыру Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымына жүктелді.

Берік Арынның айтуынша, ұйымның мақсаты Ауғанстанға азық-түлік жеткізумен ғана шектелмейді. Ең бастысы – жергілікті отбасылардың азық-түлікті өздері өндіріп, тұрақты табыс табуына мүмкіндік жасау.

— Гуманитарлық көмек ауыл шаруашылығын дамыту және жұмыс орындарын ашумен қатар жүруі керек. Біздің басты мақсатымыз – осы. Сонда ғана ұзақ мерзімді азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, елдің сыртқы көмекке тәуелділігін азайтуға болады, - дейді ИАЗҚҰ Бас директоры.

Бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы 100 мыңға жуық адамға түрлі көмек көрсетілді. Оларға азық-түлік пен ауыз сумен қамтамасыз етуге қажетті жабдықтар, сондай-ақ тұқым, тыңайтқыш және ауыл шаруашылығы техникасы берілді.

2023 жылы алғашқы ірі гуманитарлық жүк жеткізілді. Гор, Бадгис, Нимроз және Фарах провинцияларындағы көмекке аса мұқтаж тұрғындарға 400 тоннадан астам бидай ұны таратылды.

Кейін ұйым бір реттік көмек көрсетуден гөрі, ұзақ мерзімде нәтиже беретін жобаларға көбірек көңіл бөле бастады.

Фермерлер тәжірибе жүзінде білім алады

Соның бір мысалы ретінде ИАЗҚҰ мен Түркияның ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (ТЫҮА) Герат провинциясында бірлесіп жүзеге асырған жобаны айтуға болады. Жоба жойқын жер сілкінісінен кейін қолға алынды. Табиғи апат салдарынан көптеген ауыл тұрғындары баспанасынан, дүние-мүлкінен және шаруашылық жүргізуге қажетті құралдарының бір бөлігінен айырылған еді.

Осылайша, аталмыш жоба аясында 300 фермер отбасы қолдау алды. Олардың қатарында 45 әйел бар. Фермерлерге 15 тонна сертификатталған бидай тұқымы, 45 тонна тыңайтқыш, сондай-ақ тракторлар, соқалар, тіркемелер, астық бастыруға және жинауға арналған техника берілді.

Алайда Берік Арынның айтуынша, мәселені тек техника мен тұқым тарату арқылы шешу мүмкін емес. Сондықтан жобаның маңызды бөлігі ретінде фермерлерге арналған далалық оқу ұйымдастырылды. Мамандар шаруаларды тікелей егістік басында жерді егіске дайындау, тұқым себу мерзімін дұрыс таңдау, тыңайтқыш қолдану, егінді күтіп-баптау және өнім жинау кезіндегі шығынды азайту тәсілдеріне үйретті.

— Ірі шаруашылық үшін бірнеше қап тұқым аз көрінуі мүмкін. Ал шағын шаруашылық иесі үшін бұл қарызға батпай, сапасы күмәнді тұқым сатып алмай егін егуге мүмкіндік береді, - дейді спикер.

ИАЗҚҰ мен Түркияның ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің Герат, Балх, Джаузджан және басқа да провинциялардағы бірлескен жобалары жалпы алғанда 7 мыңға жуық адамды қамтыды.

Фото: ИАЗҚҰ

ИАЗҚҰ басшысының пікірінше, көмек тек қажетті заттарды берумен шектелмей, адамдардың өз кәсібін жүргізуіне, жаңа білім алуына және табыс табуына мүмкіндік берген жағдайда ғана ұзақ мерзімді нәтиже береді.

Ауғанстан Орталық Азия үшін неге маңызды

Берік Арынның айтуынша, Ауғанстанды тек проблемалары арқылы бағалау дұрыс емес. Елдің экономикалық және транзиттік әлеуетіне де назар аударған жөн.

Елдің геоэкономикалық мүмкіндігі де бар. Ауғанстан арқылы Орталық Азия елдері Оңтүстік Азияның ірі нарығы мен теңіз портына шыға алады. Бұл сауда, транзит, энергетика және азық-түлік саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.

— Ауғанстанның Орталық және Оңтүстік Азияны байланыстыратын елге айналып, аймақ мемлекеттеріне ірі нарықтар мен теңіз порттарына қысқа жол ашуға мүмкіндігі бар. Алайда бұл мүмкіндікті пайдалану Ауғанстан экономикасының тұрақтылығына, халықтың өзін азық-түлікпен қамтамасыз етіп, тұрақты табыс табуына тікелей байланысты, - дейді Берік Арын.

Сондықтан Ауғанстандағы тұрақтылық көршілес елдер үшін де маңызды.

— Орталық Азия елдері Ауғанстанның дамуына қолдау көрсетуді біржақты көмек ретінде емес, бүкіл аймақтың болашағына салынған тиімді инвестиция ретінде қарастырғаны жөн. Кейін жаңа экономикалық немесе гуманитарлық дағдарыстың салдарымен күрескеннен гөрі, қазір Ауғанстан халқының тұрақты өмір сүруіне жағдай жасау әлдеқайда тиімді, - дейді ИАЗҚҰ Бас директоры.

Ауғанстан ауыл шаруашылығына үміт артып отыр

Дегенмен Ауғанстан экономикасының толық қалпына келуіне әлі де көп уақыт қажет.

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының мәліметінше, қазір елдегі 17,4 млн адам шұғыл азық-түлік көмегіне мұқтаж. Олардың арасында 3,7 млн бала мен 1,2 млн әйел бар. Ал 12 провинцияда балалар арасында тамақтың жетіспеуінен болатын ауыр жағдайлар өте жоғары деңгейге жеткен.

Фото: ИАЗҚҰ

Ауғанстандағы қазіргі жағдайға ұзақ жылдарға созылған соғыстың салдары, климаттың өзгеруінен болған қиындықтар, халық санының өсуі және босқындардың елге қайта оралуы қатар әсер етіп отыр.

Соған қарамастан, ел экономикасы екінші жыл қатарынан өсім көрсеткен. 2024 жылы Ауғанстанның жалпы ішкі өнімі 2,5%-ға артты.

— Ауғанстан экономикасын қалпына келтіріп, өз мүмкіндігінше дамуына күш салып жатыр. Дегенмен алда әлі де қиындықтар бар. Өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласы баяу дамып келеді, импортқа тәуелділік әлі де бар. Ал банк жүйесіндегі шектеулер жеке инвестицияның келуіне және бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр, - дейді Берік Арын.

Қазір ел экономикасын қалпына келтіруде ауыл шаруашылығының маңызы зор. Сондықтан ИАЗҚҰ басшысының пікірінше, аграрлық саланы дамыту алдағы экономикалық өсімнің негізгі бағыттарының біріне айналуы мүмкін.

ИАЗҚҰ алдағы уақытта қандай жобаларды қолға алады

ИАЗҚҰ Ауғанстандағы жобаларын кеңейтуді жоспарлап отыр. Негізгі бағыттардың қатарында фермерлердің бірлесіп жұмыс істеуіне жағдай жасау, ауыл шаруашылығына қажетті қызметтерді дамыту, бау-бақша және мал шаруашылығын қолдау, шағын суару жүйелерін қалпына келтіру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту бар.

Фото: ИАЗҚҰ

Ауыл шаруашылығы өнімдерін жинағаннан кейінгі шығынды азайтуға да ерекше көңіл бөлінбек. Берік Арынның айтуынша, ол үшін өнімді сақтайтын, кептіретін және қаптайтын орындарды көбейтіп, фермерлердің өз өнімін өткізуіне мүмкіндік жасау қажет. Бұл жобаларды жүзеге асыру кезінде әйелдер мен жастарға ерекше назар аударылады.

Орталық Азия елдері үшін Ауғанстанның солтүстік провинцияларының маңызы зор. Өйткені бұл аумақтар көршілес мемлекеттермен экономикалық байланыс орнатуға қолайлы.

— Бұл өңірлерде ауыл шаруашылығы дамыса, тұқымға, тыңайтқышқа, техникаға, жанармайға, түрлі қызметтер мен өңделген өнімдерге сұраныс артады. Бұл өз кезегінде Орталық Азиядағы өндірушілер мен жеткізушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, - дейді Берік Арын.

Осылайша, Ауғанстанның ауыл шаруашылығын қолдаудың пайдасы бір елмен ғана шектелмейді. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, Орталық Азия елдері арасындағы сауданың артуына да ықпал етуі мүмкін.

«Тату көрші туыстан жақын»

Дегенмен мұндай ауқымды мәселені жекелеген ұйымдардың күшімен ғана шешу мүмкін емес.

— Қазіргі қажеттіліктің ауқымы өте үлкен. Сондықтан оны бір ұйымның, әсіресе ИАЗҚҰ сияқты салыстырмалы түрде жас ұйымның жалғыз өзі қамтуы мүмкін емес. Нақты нәтижеге мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, қаржы институттары, донорлар, жеке сектор мен жергілікті қауымдастықтар күш біріктіргенде ғана қол жеткізуге болады, - дейді Берік Арын.

ИАЗҚҰ алдағы уақытта Орталық Азия елдері - Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті.

Фото: report.az

Ұйым үшін ендігі міндет тек гуманитарлық көмек көрсетумен шектелмейді. Екі тарапқа да пайда әкелетін нақты экономикалық байланыстарды дамыту маңызды.

— Ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып, жергілікті бастамаларды қолдау Ауғанстанға жаңа мүмкіндіктер ашып, оның аймақтық саудадағы рөлін күшейтуге және бүкіл өңірдің тұрақты дамуына ықпал ете алады. Қазақта «Тату көрші туыстан жақын» деген сөз бар, - деп түйіндеді ИАЗҚҰ Бас директоры Берік Арын.

Бұған дейін Kazinform Кабулдан әзірлеген арнайы репортажында Ауғанстандағы қазіргі өзгерістер туралы жазған еді. Материалда елге енді тек түрлі қауіп-қатердің көзі ретінде емес, экономикалық әлеуеті жоғары нарық әрі болашақта аймақ елдерін байланыстыратын маңызды буын ретінде де назар аударыла бастағаны баяндалды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Ауғанстан сауда айналымын $3 млрд-қа жеткізуді көздеп отырғаны хабарланды.