Ауғанстан Пәкістанға қарсы әскери операция бастағанын мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM – Ауғанстанда билік жүргізіп отырған «Талибан» қозғалысының өкілдері Пәкістанға қарсы кең ауқымды шабуыл операциясы басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Еuronews.
Ауған тарапының әскери және үкіметтік шенеуніктерінің айтуынша, қазіргі уақытта Пәкістанның шекара маңындағы блокбекеттеріне шабуыл жасалып жатыр. 15 бекет бақылауға алынған, ауған жағынан шығын жоқ.
Әзірге Пәкістан билігі бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Кабул операция Пәкістанның жексенбіге қараған түні Ауғанстанның Нангархар және Пактика провинцияларына жасаған әуе соққыларына жауап екенін мәлімдеді.
БҰҰ-ның Ауғанстандағы миссиясының деректеріне сәйкес, әуе шабуылдары салдарынан кемінде 13 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Ауған билігі 18 адамның көз жұмғанын хабарлады.
Ал Пәкістан тарапы әуе соққылары нәтижесінде 80-нен астам қарулы содыр жойылғанын мәлімдеген. Исламабад бұл соққыларды ел аумағында жанкештілер жасаған бірқатар терактілерге жауап деп атады.
Пәкістан билігі «Талибанды» содырлар мен террористердің өз аумағынан Пәкістанға өтуіне тосқауыл қоймай отыр деп айыптайды. Ауған тарапы бұл айыптауларды жоққа шығарып келеді.
Айта кетейік, Пәкістанда қарулы шабуыл салдарынан 7 адам мерт болды.