Ауғанстан соғыс ардагерлері «Қазақстан - 2020» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясына қолдау білдіреді

None
АНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ауғанстан соғыс ардагерлері ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі референдумды өткізуді қолдап отыр.

Бүгін Астанада Ауғанстан соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы мен Астана қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі «Нұр Отан» ХДП «Қазақстан-2020» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясын қолдау жөніндегі актив мәжілісін өткізді.

«Президент Н. Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясатын Қазақстан халқы қуаттап келе жатқаны белгілі. Елбасының еліміздегі саяси және экономикалық тұрақтылықты сақтауға және дамытуға бағытталып жүргізіп жатқан саясаты өз жемісін беруде. Бүгінгі таңда Ұлт көшбасшысы болып отырған Н. Назарбаев еліміздегі азаматтық институттардың, атап айтқанда қоғамдық бірлестіктердің қызмет етуіне, жұмыстар атқаруына қолдау білдіріп отыр. Осы орайда, Ауғанстан соғысының ардагерлері де Мемлекет басшысының саясатын қолдаушылары болып табылады және «Нұр Отан» ХДП Тұңғыш Президентті қолдау жөніндегі коалиция құру бастамасын үлкен ықыласпен қолдайды», - делінген актив жиылысының таратқан мәлімдемесінде.

«Жалпы, Президент Н. Назарбаев бүгінгі күні үлкен халықаралық беделге ие. Астанада ЕҚЫҰ-ның Саммиті өтті, жақында қысқы Азиада ойындары басталады. Бұндай игілікті шараның барлығы біздің еліміздің халықаралық аренадағы беделінің өскендігінің айғағы. Ал бұндағы басты еңбек Елбасы Н. Назарбаевқа тиесілі», - дейді «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ғалым Қожабеков. Оның айтуынша, Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы бастама халықтың тілегінен туындап отыр және Ауғанстан соғыс ардагерлері бұл бастаманы толық қолдайды. Сондықтан да, интернационалист-жауынгерлер демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясына қосылуға ниетті.