Ауғанстан, Тәжікстан және Түркіменстан президенттері теміржол жайлы келісті
19:24, 21 Наурыз 2013
АСТАНА. 21 наурыз. ҚазАқпарат - Ауғанстан, Тәжікстан және Түркіменстан президенттері Ашғабатта бас қосып, осы үш елді жалғайтын жаңа теміржол құрылысын салу жайлы меморандумға қол қойды.
Ұзындығы 400 шақырым болатын жаңа теміржол ауғанның Акина-Андха, түркіменнің Атамурад-Ымамназар және тәжіктің Пяндж жол бөліктерін қосады.
Түркіменстан құрылысты биыл шілде айында бастап, жолдың ауғандық бөлігін де төсеп шықпақ.
2011 жылдың соңында Ауғанстаннан Өзбекстанға 75 шақырымдық теміржол желісі тартылған еді.
Бейсенбі күні Ауғанстан президенті Хамид Карзай, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Иран президенті Махмуд Ахмадинежад, Пәкістан президенті Асиф Али Зардари төртеуі Ашғабатта наурыз мейрамына байланысты өтетін мерекелік шараға қатыспақ, деп хабарлайды «Азаттық».