Ауғанстанда 500-ден астам музыкалық аспапты өртеп жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Ауғанстанда Ізгілікті насихаттау және жамандықтан тыю министрлігінің қызметкерлері 500-ден астам музыкалық аспаптың көзін жойды, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Билік өкілдерінің мәліметінше, «моральды бұзатын құралдар» Парван провинциясының тұрғындарынан тәркіленген.
Министрлік департаменті 500-ден астам музыкалық аспап пен «соған ұқсас заттардың» жойылғанын мәлімдеді.
Өз кезегінде департамент басшысы Макбуль Ахмад Вакас бұл заттардың барлығы жергілікті тұрғындар тарапынан «би мен мерекелік шараларда» қолданылғанын айтты.
Pajhwok агенттігінің дерегіне сәйкес, олар соңғы бір жыл ішінде Чарикар қаласы мен провинция аудандарында жиналған.
Бұл акция «жамандықпен күрес жөніндегі үздіксіз шаралардың» бір бөлігі екені атап өтілді.
Осыдан бұрын Ауғанстанның Герат провинциясындағы Талибан әкімшілігі әйелдерге қатысты қатаң киім кию ережелерін қайта енгізіп, барлық әйел мұғалімді паранжа киюге міндеттеді және онсыз такси қызметін пайдалануға тыйым салды.