Бұл туралы ҚазАқпаратқа ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«2009 жылғы маусымның 22-сінде Ауғанстан аумағындағы Хайратон қаласындағы мұнай қоймасында бензин таситын машинаға жанар май құю кезінде сыртқа бензин ағып, соның нәтижесінде жарылыс болып, сол жерде Қазақстанның 6 азаматы зардап шекті. Хайратон қаласында білікті медицина қызметкерлерінің және қажетті құрал-жабдықтардың жоқтығынан, ауған тарапының өкілдері өзбек тарапына Қазақстанн азаматтарын Өзбекстанның Термез қаласындағы емдеу мекемесіне жеткізу мәселесін шешуге жәрдем көрсетуге өтініш жасаған. Сол күні түнге қарай зардап шеккендер Республикалық жедел медициналық көмек көрсететін орталықтың Термез қаласындағы Сурхандария филиалына жеткізіліп, ауруханаға жатқызылған. Ол жерде зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Республикалық жедел медициналық көмек көрсететін орталық Сурхандария филиалы Бас дәрігері орынбасарының ақпараты бойынша, зардап шеккен 3 азаматтың жағдайы аса ауыр деп бағаланып отыр, тағы 3 азамат ауыр халде жатыр. Қазіргі уақытта зардап шеккендерге Республикалық күйік және реаниматология орталығының дәрігерлері медициналық көмек көрсетуде», делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарынша, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі қазіргі уақытта Термез қаласында Апаттық медицина орталығының дәрігерлерімен және қажетті медициналық құрал-жабдықтармен министрліктің ұшағын жіберу жөніндегі мәселені қарастырып жатыр.