АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстанда президенттік сайлаудың екінші турының қатысушылары Абдулла Абдулла мен Ашраф Гани ұлттық бірліктің үкіметін құру және билікті бөлу туралы келісімге қол қойды. ВВС-дің жазуынша, ауған мемлекеттік телеарнасы аталған салтанатты рәсімді Кабулдағы президенттік сарайдан тікелей эфир арқылы көрсетуде.
Қол қойылған келісімге сәйкес, Ашраф Гани Президент лауазымына бекітілсе, ал Абдулла Абдулла министрлер кабинеті басшысын таңдау құқығына ие болады. Бұл тұрғыда ол осы қызметке өзін ұсынады деген болжамдар бар.
Президенттік сайлаудың соңғы нәтижесі бүгін жарияланады деп күтілуде. Естеріңізге сала кетейік,сайлаудың екінші туры 14 шілдеде өтті. Қос кандидат та бір- бірін алаяқтық әрекетімен айыптап сайлаудың қорытындысын мойындаудан бас тартқан еді. Елдегі саяси дағдарыс үш айдан астам уақыт жалғасты.
Руслан Ғаббасов
Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 2005 жылдан бері «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істеп келеді.