Ауғанстанда болған жол апатынан тоғыз адам қаза тауып, 35 адам жарақат алды

Фото: Canva

АСТАНА. KAZINFORM — Батыс Ауғанстандағы Бадгис провинциясында жексенбі күні жолаушылар автобусы жүргізушінің абайсыздығы салдарынан аударылып, кемінде тоғыз адам қаза тауып, тағы 35 адам жарақат алды. Бұл туралы жергілікті полиция хабарлады, деп жазды Синьхуа егенттігі.

Оқиға Сабзак ауданында, провинция астанасы Қалайи-Нау мен батыстағы Герат провинциясын байланыстыратын автожол бойында болғанын Бадгис провинциясының полиция өкілі Садикулла Садекі мәлімдеді.

Полиция өкілінің дерегінше, тоғыз жолаушы, соның ішінде әйелдер мен балалар оқиға орнында қаза тапқан. Жергілікті полиция мен тұрғындар 35 жараланған адамды жақын маңдағы медициналық мекемелерге жеткізіп, көмек көрсеткен.

Көлікті сауатсыз жүргізу, көлік қозғалысы көп жолдарда және ескі жолдардағы жол белгілерінің болмауы Ауғанстандағы негізгі өлім себептерінің бірі болып отыр.

Еске сала кетсек, Пәкістанда жол апатынан кемінде 11 адам қаза тауып, тағы 10 адам жарақат алғанын жаздық.

Ал 19 ақпан күні Абай облысында жол апатынан 4 адам мерт болды.