Ауғанстанда бірнеше телеарнаға шектеу қойылды

Фото: Afghanistan International

АСТАНА. KAZINFORM — Ауғанстанда интернет пен телекоммуникация қызметтеріне шектеулер енгізілгеннен кейін телеарналардың көпшілігі жабылды, деп хабарлайды Afghanistan International. 

TOLO, Lemar, TOLOnews, Shamshad, Tamadon және басқа да бірқатар телеарна осыған дейін желіде көрсетілген бағдарламаларын эфирден алып тастады. Тек Талибанның бақылауындағы Radio Televison Afghanistan (RTA), Maarif және RTA Sport онлайн хабар таратады.

Елдегі интернеттің жабылуы Moby Group-қа тиесілі TOLOnews, TOLO, Lemar, Arman және Arakoziya телеарналарының қызметіне қатты әсер етті. Интернет пен телекоммуникация қызметтерін тоқтату туралы шешімді Талибан бақылайтын Ауғанстанның телекоммуникацияларды реттеу агенттігі мен Байланыс және ақпараттық технологиялар министрлігі қабылдады. Дереккөздердің хабарлауынша, Roshan, Etisalat, Afghan Wireless және Afghan Telecom сияқты ірі провайдерлерге барлық талшықты-оптикалық желілерді тоқтатуға бұйрық берілген.

Техникалық сарапшылардың айтуынша, талшықты-оптикалық желінің тоқтауы бүкіл ел бойынша телекоммуникациялық мұнаралардың жұмысын тоқтатып, Ауғанстанды жаһандық байланыстан толықтай ажыратты. Кейбір ақпарат көздері шектеулі қызметтердің кейінірек қалпына келтірілуі мүмкін екенін айтады. Бірақ жоғары жылдамдықты интернет пен талшықты-оптикалық байланыс Талибан жетекшілерінің бұйрығымен толығымен үзілді.

Еске сала кетейік, Ауғанстанда интернет толық өшірілді.