Ауғанстанда «Қазақстан» сауда үйі ашылды - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 21 сәуір, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Айқын» республикалық газетінің хабарлауынша, алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуы мен ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіздік мұраты» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда қабылданған қарарда отандық, шетелдік ғалымдар, мемлекет және қоғам қайрат­керлері, халық қалаулылары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері және Ә.Бөкейханның ұрпақтары биыл ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтетін Ә.Бөкейханның 150 жылдығы мен қазіргі Қазақстан тәуел­сіздігінің іргелі тарихи негіздерін қалаған Алаш ұлттық-аумақтық автономиясының 100 жылдығын жалпыхалықтық деңгейде атап өтудің кешенді іс-шараларын жасау мен өткізу туралы өз ұсыныстарын ортаға салған.
Басқосуда Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев баяндама жасады. Ол адам өткенін жақсы білмей, болашаққа нық қадам баса алмайтынын атап көрсетіп: «Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын атап өту - жауапты той. Жай той емес, Алаш тойы, тарих тойы. Бүгінгі күнге дейін Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның есімін мәңгі есте қалдыру үшін бірқатар игі істер атқарылды. Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданының Ақтоғай ауылында тұлғаның ескерткіші орнатылды, ал 2009 - 2013-жыл­дары Ә.Бөкейханның көптом­дық шығармалары басылып шықты. Астана, Алматы, Қызылорда, Павлодар, Семей, Петропавл, Шымкент қалала­рында Ә.Бөкейханның атымен көшелер аталған. Тарихи тұлғаның есімі Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент, Кентау қалала­рындағы, Сайрам ауданындағы, Қара­ғанды облысының Ақтоғай ауданын­дағы орта білім оқу орындарына берілген. Жыл басынан бері мерейтойға арналған республика бойынша халықаралық, республикалық және облыстық дең­гейдегі ғылыми-тәжірибелік конферен­циялар, мәдени-спорттық шаралар бас­талып кетті. ЮНЕСКО аясында той­ла­­натын Ә.Бөкейханның 150 жыл­дығына арналған іс-шаралар жоспарын Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы хатшылығы бекітіп, жүзеге асырылуда. Еліміздің барлық мәдени, спорт, білім беру, өндіріс салаларындағы ұйымдарда 150-ден астам іс-шаралар, оның ішінде кездесулер, тақырыптық кештер, көрмелер, мәдени-көпшілік және спорттық шаралар, ғылыми-тәжі­рибелік конференциялар ұйым­дастырылуда» деді.

Жауапты хатшының сөзінше, Астана қаласының сол жағалауындағы үлкен даңғылға және елордадағы мектептердің біріне Ә.Бөкейханның есімін беру мәселесі қаралу үстінде. Үкімет тара­пынан Ә.Бөкейхан атын­дағы мемориал­дық кешен орнату және Қарағанды қаласындағы орталық даңғылдың біріне тарихи тұлғаның есімін беру туралы Мәдениет және спорт, Инвестициялар және даму ми­нистрліктеріне, Қарағанды облысы әкімдігіне тиісті шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берілген.
«Ә.Бөкейханның бюстін Санкт-Петербордағы Таврия сарайында орнату мәселесі қолға алынып жатыр. Биылғы жылдың 4-тоқсанында бюсттің тұсау­кесерін өткізу жоспарланған» деп қорытты сөзін Қ.Уәлиев.
Айта кетейік, конференция аясында атқарылатын мәдени-танымдық іс-ша­ралар шеңберінде Кенесары хан сар­баздарының және мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының рухына құран бағышталады және Ұлттық мұрағатта Ә.Бөкейханға қатысты бірнеше тақырып­тық көрме ұйымдастырылады.
. Бұл туралы «Айқынның» бүгінгі санындағы «Әлихан тойына дайындық қызу» атты мақаладан оқи аласыздар.

«Айқын» басылымы бүгін сондай-ақ ғасыр жасаған қария - сұрапыл соғысты бастан кешірген ардагер Василий Шмариков туралы жазады. «15 сәуір күні Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Шмариков 100 жасқа келді. Василий Шмариков 1916 жылдың 15 сәуірінде қазіргі Қырғызстан жерінде дүние есігін ашқан екен. Ер жете отба­сылық жағдайына байланысты біздің облысқа қоныс аударған. Ол дүниені дүр сілкіндірген Екінші дүниежүзілік соғыс басталған 1941 жылы броньда болып, 1942 жылы ІІ Украин майданына табан тіреген. Соғыс жылдары ол Мәскеу қаласынан Прагаға дейін барған. Сонымен қатар Молдова, Польша, Чехо­сло­вакия, Германия жерлерінде фашистерге қарсы со­ғысқан. Ал көптен күткен же­ңісті Чехо­словакия жерінде қар­сы алыпты. Соғыстан кейінгі жыл­дары зей­неткерлік жасына дейін сауда-сат­тықпен айналыс­қан. Қазіргі таңда құдай қосқан қо­сағы 83 жастағы Вера Плот­ни­кова жарымен бейнетінің зей­нетін көріп жатқан бақытты қария»,-деп жазады басылым. Бұл туралы толығырақ газеттегі «Ғасыр жасаған ардагер» атты мақаладан оқи аласыздар.

***

Ал, «Егемен Қазақстан»газетінің хабарлауынша, Ауғанстанда«Қазақстан» атауымен сауда орталығы ашылған. «Биыл 30 наурызда Кабул қаласында қазақ­стандық экспорт тауарларын Ауғанстан нары­ғына жеткізу мақсатында «Қазақстан» сауда үйі ашылып, арнайы форум өтті», - деп жазады басылым. Айта кетейік, Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасының Ауғанстан Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Өміртай Бітімовтің қатысуымен басқосу болып өтті. Онда екі елдің қарым-қатынасындағы қазіргі ахуал, әртүрлі сала бойынша ынтымақтастықты дамыту перспективалары, сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестік аясын кеңейту мәселелері сөз болды. Іс-шара аталған ведомствоның бас­та­ма­сымен қолға алынған «Жаңа мүм­кіндік­тер» бағдар­ламасы шеңберінде ұйым­дас­ты­рылғанын атап өткен жөн. Жиында Ө.Бітімов Ауғанстанның тиімді географиялық жағдайға, логистикалық мүм­кін­діктерге, тұтынушы нарығына және мол табиғи ресурс­­тарға ие екенін айтып, осы артық­шы­­­лық­­тар көптеген елдердің, соның ішінде қазақ­­­стан­дық кәсіпкерлердің де қызы­ғушы­лығын тудырғанын жеткізді. Бұл туралы толығырақ басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Ауғанстанда «Қазақстан» сауда үйі ашылды» деген мақаладан оқи аласыздар.

***

«Экспресс К» басылымы Семей қаласындағы электр қуатының тарифтеріне қатысты ақпарат беріп отыр. Басылымның хабарлауынша, Семей қаласында 1 мамырдан бастап электр қуатының бағасы өсуі мүмкін.

«1 мамырдан бастап Семейде тариф өсе ме, жоқ па деген мәселе талқыланады. Бұл мәселеге қатысты қалада екі рет үлкен жиналыс өтті және тұрғындар «Шығысэнерготрейд» ЖШС-ның басшылығымен бір байламға келе алмай отыр» деп жазады басылым. Бұл туралы газеттегі «Свет в конце апреля» атты мақаладан оқыңыздар.