Ауғанстанда көптеген сұлулық салондары тыйым салынғаннан кейін жасырын жұмыс істеуде
АСТАНА. KAZINFORM—2023 жылы Ауғанстандағы сұлулық салондарына тыйым салынғаннан кейін, олардың көпшілігі жасырын жұмыс істеуге көшті. Елдегі әйелдер сұлулық салондарын "қауіпті сән" деп атайды. Алайда олар түрмеге түсу қаупіне қарамастан, сұлу болудан бас тартпайды, деп жазады The Guardian.
Өткен жылы "Талибан" режимі бүкіл ел бойынша сұлулық салондарын жабу туралы бұйрық шығарды.
Салон иелеріне кәсіптерін жабуға бір ай уақыт берілді. Салондар халықаралық ұйымдардың әйелдер құқығын шектемеу туралы үндеуіне, мұның экономикаға кері әсерін тигізетініне және әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға қайшы келетініне қарамастан жабылды.
Өткен жылы елде 12 мыңнан астам сұлулық салоны жұмыс істеді. Тыйым сұлулық саласында жұмыс істейтін 60 мыңға жуық әйелге қатысты болды. Сонымен қатар, салондар ауғандықтар үшін маңызды әлеуметтік функция атқарды. Сұлулық салондары әйелдер үшін қауіпсіз кеңістік болды, онда олар өз үйлерінен тыс ер адамдарсыз кездесе алатын.
Тыйым салынғаннан кейін кейбір әйелдер өз клиенттерін үйде қабылдап, Талибан режимінен жасырынып, жұмысын жасырын жалғастырды. Тыйымды бұзу айыппұлға, тіпті бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін.
Би-би-си мәліметінше, Талибан режимі 2021 жылы билікке келгеннен бері әйелдер құқығы жүйелі түрде шектеліп келеді. Осы уақыт ішінде олар қыздар мен әйелдердің мектептерге, университеттерге, спорт залдарына, қоғамдық саябақтарға бару және үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істеу құқықтарын шектеді.
Ауғанстан әйелдері тек көз саңылауын қалдырып, толығымен жабық жүруі керек. Сонымен қатар, бұл елдегі әйелдердің ер туысының сүйемелдеуінсіз 72 км-ден астам жүруге құқығы жоқ.