Ауғанстанда президенттік сайлаудың екінші кезеңі өтеді

АСТАНА. Қазанның  17-сі.  ҚазАқпарат -   Арыз-шағымдар  жөніндегі комиссия     ірі заңбұзушылықтар анықталған  учаскелердегі   дауыс берудің  нәтижелерін қайта қарап шыққаннан кейін, тамыз  айында    Ауғанстанда  өткен  президенттік сайлауда  Хамид  Карзайға дауыс бергендердің саны   47 пайызға  дейін     азайды.

  Бұл туралы   Комиссия басшылығына сілтеме  жасап британдық The Times    газеті  хабарлаған.  Егер жаңа мәліметтерді   Тәуелсіз  сайлау комиссиясы  ресми қуаттайтын   болса,  Ауғанстанда  президенттік сайлаудың   екінші кезеңі  өтеді,  деп   хабарлайды «Маяк»  радиосы.

 Дауыстар  қайта саналғанға  дейін,  Тәуелсіз сайлау комиссиясының  мәліметтері  бойынша,    Хамид Карзай  сайлау учаскелеріне келген  электораттың   54,6 пайызының дауысын  алған   болатын.

Екінші  орында -      27,8   пайыз дауыспен  елдің  бұрынғы сыртқы  істер  министрі Абдулла Абдулла келеді.   Бірақ  Шағым-арыздар жөніндегі комиссияның  жұмысынан кейін      3 377 учаскеде  Карзай  алған дауыстар  қысқарып,   ол   жинаған  дауыстардың саны  50 пайыздан   төмендеп  кетті.  Бұл  көрсеткіш Карзайға  бірінші турда  жеңіске жетуге мүмкіндік бермейді.