Ауғанстанда соңғы 10 жылда 14 мыңға жуық әскери ажал құшты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстан Үкіметінің есебіне сәйкес, соңғы 10 жылда көтерілісшілермен қақтығыстар салдарынан 14 мыңға жуық қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері қаза болды. Бұл туралы ВВС хабарлайды.

Яғни, күн сайын шамамен 4 адам опат болып отырған. Сонымен қатар аталған мерзімде 16,5 мыңнан астам әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері жарақат алды.

Ауған шиеленісінде бейбіт халықтың арасындағы адам өлімі көрсеткіші бұдан да жоғары. Бұдан бұрын БҰҰ хабарлағандай, тек өткен жылдың өзінде үш мың адамның өмірі қиылды, бес мыңнан астамы жарақаттанған.

Сарапшылар бұл көрсеткіштің артуын Ауғанстаннан шетелдік әскерилердің біртіндеп шығарылуымен байланыстыруда.